13.02.2023, 10:30
Оқылды: 29

Шыңғырлаулық жастар грант ұтып, кәсіп ашты

Бүгінде талпынған адамға үкімет тарапынан жан-жақты қолдау   бар.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында аудан көлемінде түрлі бағыт бойынша 50-ден астам мемлекеттік қайтарымсыз грант беріліп, өз кәсібін ашып отырған жандар бар. Солардың бірі, орталықтан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Ақшат ауылында наубайхана ашқан Азат Жолдығұлов.

IMG_7993

Жастар санаты бойынша грант алу жобасына қатысқан Азат Азаматұлы ең алдымен көлемі 100 шаршы метр болатын наубайхана ғимаратын тұрғызған. Санитарлық талапқа аса мән берген жас кәсіпкер бірден жуынатын бөлмесін, киім қоятын орнын, аспазшылардың арнайы бөлмесін, ұн қоймасын, тағы да басқа керекті жағдайларды бірден ескеріп салған екен. Наубайхананың ашылғанына көп уақыт болмағанымен, бірден сұраныстың жоғары екенін сезініп үлгеріпті кәсіпкер.

«Қазақта «Ас атасы – нан» деген сөз бар, дәмнің үлкені – нан. Сондықтан дастарханымыздың төрінен табылатын ас атасына сұраныс әрқашан да жоғары болатынын ескеріп, жан-жақты талдау жасай келе, ағам Сырым екеуіміз ауылда наубайхана ашуды мақсат тұттық. Мемлекеттік грантты ұтып алған соң, нан пісіретін құрал-саймандарды,  соның ішінде нан пісіретін электр пеші, ұн илегіш машина, кесу үстелі, қалыптар сатып алдық. Әзірге нан пісіру кәсібін жақсы меңгерген екі нан пісірушіні жұмысқа алдық, олар нан пісіру жұмысымен айналысса, мен қажетті заттарды жеткізумен, есеп құжаттарымен айналысамын», - дейді Азат Азаматұлы.

IMG_7994

Қос ағайынды Сырым мен Азаттың туған ауылы, кіндік қаны тамған жері - Ақшат ауылы. Қалада білім алғанымен, туған өлкеге келіп, өңірге қажетті істі қолға алған жастардың болашаққа жоспары зор.

«2021 жылы біз ауылымызда «Қаракет» супермакетін аштық, өткен жылы наубайхана құрылысын жүргіздік. Алға қойған өзге де жоспарларымыз көп. Себебі, біз өз ауылымыздың дамығанын, өркендегенін көргіміз келеді. Ол үшін біреу не береді деген ұстаныммен емес, мен не істей аламын қағидамен жүрген дұрыс деп білемін. Ақын Бауыржан Ширмединұлының өлеңіндегі «Адамның кіндік қаны тамған жерге, Маңдайының  тері де таму керек» деген жолдарын ұнатамын. Өздеріңіз байқағаныңыздай, біздегі бір бөлке нанның құны 90 теңге. Жасыратыны жоқ, бірінші сұрыпты ұнды облыстық тұрақтандыру қорынан арзандатылған бағамен сатып алып отырғанымызбен нан сатудан біз ауыз толтырып айтарлықтай үлкен пайда көріп отырған жоқпыз. Бірақ, біз ауылымызға болсын, халыққа жеңіл болсын деген оймен жүрміз», – дейді осы істің басы-қасында жүріп, өзінің ағалық кеңесін аямаған Сырым.

Арнайы қамыр илейтін қондырғы арқылы күніне 6 мәрте қамыр ашытып, үш секциялық пеште кезек-кезек 200 бөлке нан пісіріледі екен. Болашақта тәулігіне 500-ге жеткізуді көздеп отыр. Себебі нан өнімдерін тек ақшаттықтар ғана алмай, көршілес Қарағаш, Алмаз ауылынан да  тапсырыстар түсуде екен. Сонымен қатар жас кәсіпкерлер наубайханаға екі адамды тұрақты түрде жұмысқа алып, жалақыларын 150 мың теңгеге жеткізіп отыр.

-Біз бұл бастамамызбен тоқтап қалғымыз келмейді. Болашақта наубайханаға қажетті тағы да қосымша пештер, нан илейтін машиналар мен тағы басқа жабдық сатып алу, нан өнімдерінің түрлерін көбейту, кондитерлік тәттілер пісіру, тағы да қосымша жұмыс орындарын ашу секілді жоспарларымыз бар, - дейді наубайхана иесі.

Нан пісіруші Гүлсара Салықова:

«Үйде отбасымызға нан пісіріп жүргенімізбен, бастапқыда наубайханада нан пісірудің «тілін» таба алмай жүрдік. Себебі заманауи пештің түрлі функциялары бар, қамыр илейтін қондырғының да мөлшерлерін шығаруда қиындық туды.  Сол себептен, Сырым мен Азат Орал қаласынан арнайы шақыртқан кондитер маманы бізге шеберлік сағатында бәрін  түсіндіріп, үйретті. Содан бері нандарымыз аспандап көтеріліп, дәмі тіл үйіретін дәрежеге жетті. Тұтынушылар ризашылығын білдіріп отыр», деген пікірімен бөлісті.

- Ақшат ауылдық округі үлкен елді мекен болғандықтан, өңірімізге инвестиция салушылар көп. Дегенмен Сырым мен Азат секілді жастар өздерінің туған ауылына келіп, мемлекет тарапынан берілген қаражатты орынды жұмсай білуі, сонымен қатар өздеріне бастаған ісіне инвестиция салуы – құптарлық іс. Жас кәсіпкер 1 млн 225 мың теңгеге наубайханаға қажетті құралдарды алса, өз қаражаты есебінен үлкен ғимарат салып, оған көгілдір отын мен суын кіргізді, - дейді Ақшат ауылдық округінің әкімі Ерлан Айшуақов.

Негізінде Ақшат ауылында бұған дейін де шағын наубайхана болған. Дегенмен, 1400-ге жуық тұрғыны бар ауылға бір наубайхана аздық етеді. Себебі, наубайхана өнімі тез таусылып қалу себебінен, дүкендер нанды қаладан алдыртып отыр. Ауылдық жерде көпшілігі ас атасын үйден пісірсе де, жұмыс басты жандар, отбасы мүшесі аз жандар сатып алуға жүгінетіні жасырын емес.

 

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале