14.02.2023, 1:02
Оқылды: 22

Кітап сыйлай білесіз бе?

Жер бетіндегі жұмыр басты пенде атаулысы мереке-мейрамды жақсы көретіні сөзсіз. Күнтізбедегі бүкіләлемдік, халықаралық, отандық, ұлттық, кәсіби, діни мейрамдардың тізімінен көз тұнады. Олардың қатарында дәстүрден жаңылмай тойланып келе жатқаны да, заман ағымына сай пайда болғаны да бар. Осындай мерекелердің арасындағы 14 ақпан - Халықаралық кітап сыйлау күні жайлы естіп пе едіңіз?

WhatsApp Image 2023-02-13 at 21.42.53

Атаулы датаны БҰҰ 2012 жылы бекіткен. Мейрамның шығу тарихы да ерекше. Мұндай мерекені жариялау идеясының авторы АҚШ-тағы «Delightful балалар» кітабының әйгілі сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмур еді. Ол - сондай-ақ, әлеуметтік желіні белсенді қолданушы, әрі 3 баланың анасы. Бір күні ұлы анасына «Неге адамдар бір-біріне ешқандай себепсіз кітап сыйлайтын күн жоқ?» деген сауал қояды. Ешқандай жауап таба алмаған Эмми ақпан айының 14-ін кітап сыйлау күні деп белгілеп, әлеуметтік желі арқылы мерекенің танымалдылығын арттыра бастайды. Осылайша кішкентай баланың сұрағы мен анасының оны қолдауы және миллиондаған халықтың бұл жақсы пікірді құптап, іліп әкетуі арқасында осы күн қазіргі таңда халықаралық деңгейде, нақтырақ айтсақ әлемнің 40-тан астам елінде аталып өтіледі.

Мерекенің мақсаты – кітап оқуды насихаттай отырып, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, қағаз түріндегі кітаптардың технология ғасырында да өз құндылығын жоғалтпай  өзекті болып отырғандығын көрсету.

"Бәйтеректіктер осынау мереке жөнінде біле ме, жалпы кітап сыйлау дәстүрін ұстана ма?" деген мақсатта кейбір жерлестерімізді сөзге тартқан едік.

-Шынымды айтсам, «Кітап сыйлау күні» дегенді естімеппін. Десе де құптауға тұрарлық іс деп ойлаймын. Кітап сыйлау бұл адамның мәдениеттілігін білдіреді ғой. Киім, түрлі сувенирлердің орнына кітап беру әлдеқайда маңызды. Себебі, кітап арқылы адамды парасаттылыққа шақырасың, ой-өрісін кеңейтуге септігің тиеді.

Кітапханалар арқылы үздік оқырмандарды насихаттау керек, мүмкіндік тауып марапаттаса тіптен керемет болушы еді. Қазір адамдар телефонға тәуелді болып кетті. Керек жерін интернеттен қарап алады да, кітап оқуға жоқ.

Өзім кітапты жас кезімде көп оқыдым. Қазіргі уақытта қалаған кітаптарымды кітапханадан алып оқимын. Менің жаныма жақыны - әдеби кітаптар. Кітаптың мазмұнына ерекше мән беремін. Мұқабасы әдемі болғанмен адамды өзіне баурай алмаса, одан не пайда? Сондықтан кітап сыйларда осындай жайттарды ескерген жөн. Өзім кітапты сыйлап та, сыйлыққа алып та көрдім, - дейді Трекин ауылының тұрғыны Сыйлыбай Құспанов.

Ал аудандық кітапханалар жүйесі әдістемелік бөлімінің меңгерушісі: Ақгүл Абдрахманова әр Жаңа жыл сайын балаларына кітап сыйлауды әдетке айналдырғанын айтады. «Студент шақта БҚМУ-дың университетішілік "Өркен" газетіне мақала-материалдар жазып жүрген кезімде профессор Серікқали Шарабасов ағайым мені байқап, өзінің жеке кітапханасына шақырып, таныстырып бірнеше кітап сыйлаған. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын, - дейді ол. - Кітап сатып алу үшін Оралдағы "Жәңгір хан" атты дүкенге баруымызға тура келеді. Себебі ауданымызда кітап дүкені жоқ. Дүкеннен таба алмасақ, өзге қалаға тапсырыс беріп, пошта арқылы алдырамыз. Кітап сыйға тарту үшін  бірінші ол адамның өзімен сөйлесіп, қандай жанрды ұнататынын біліп барып, сыйлаған дұрыс деп ойлаймын. Егер жасөспірім немесе мектеп жасындағы бала болса, олардың қызығушылығы неде, қандай қыры бар, соны ескеріп, сол бағытта кітаптар сыйлаған абал. Ал егер оны анықтай алмаған жағдайда, жануарлар, құстар, өсімдіктер, елдер, аспан әлемі т.б. жайында энциклопедия сыйлар едім. Өйткені ол кітаптар бір күні болмаса. бір күні балаға міндетті түрде қажет болады. Тіпті сабаққа дайындалғанда да көмегі тиері сөзсіз».

WhatsApp Image 2023-02-13 at 21.43.02

Егіндібұлақ ауылдық округінің тұрғыны, шаруа қожалығының жетекшісі  Айбар Сүндетқалиев қолы бос кезде Мұқағалиды, Жұбанды оқиды екен. Мамандығы ауыл шаруашылығына қатысты болғаннан кейін осы бағыттағы кітаптарды да қарап қояды. Өзі отбасына, тума-туысқа кітап сыйламағанымен, былтыр Балалар жылы аясында Егіндібұлақ ауылдық кітапханашысына ертегілер, балаларға арналған өзге де кітаптарды тарту еткен. «14 ақпан - Кітап сыйлау күні туралы алғаш естіп тұрмын. Жақсы, керек мейрам деп ойлаймын. Осы мерекеге орай кітап сыйлауды дәстүрлі түрде қолға алғым келіп отыр» - дейді ол.

 

Нұрсәуле Жәнібекқызы,

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале