14.02.2023, 16:30
Оқылды: 12

Сақалды құрылысқа айналмаса игі...

Казталов ауданында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жұмыстар жоқ емес бар. 2019 жылдан бастап «Казталов, Жалпақтал ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады» деген хабарды естіген халықтың қуанышы бір төбе болатын.

Сакалды курылыска айналмаса иги (1)

Әсіресе, қос ауылдағы спорт кешендерінің болашақ жобасы қызу талқыға түсіп, ауданның белсенді азаматтары: «Аудан орталығында 320 орындық салыну керек» деген сөзден таймай, одан кіші 160 орындық нысанға келісім бермеген еді. Елге жаны ашыған азаматтардың сөзінде жан бар еді. Бүгінгі балалар және жасөспірімдер спорт мектебі орналасқан ғимарат бұрын нан зауыты болған, кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, спорт кешеніне берілді. Оның өзі спортпен айналысқан бүлдіршіндер үшін бұл кешен тарлық қылуда. Сол үшін де іші кең, ауданда халықаралық, республикалық жарыстар өткізетін, бұқараның спортпен шұғылданатын дұрыс орын қажет болғаны сөзсіз. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы Риода еліміздің көк байрағын желбіреткен, бокстан олимпиада чемпионы атанған Данияр Елеусінов біздің ауданның тумасы. Атағы жер жарған чемпионның елінде лайықты спорт кешені жоқ болса, ел ағаларына сын болар еді...

Сакалды курылыска айналмаса иги (2)

Сонымен, барлық жағдайлар ескеріліп, 2020 жылы Казталовта 320 орындық, Жалпақталда 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталып та кетті. Қаражат бөлген обылысымыздағы ірі инвестор «KPO.B.V» компаниясы болатын. Жобаның құрылысы 610 млн. 815 мың теңгені құрады. Аудан орталығындағы болашақ спорт кешенінің құрылыс жұмыстары керемет басталып, кейін тұралап қалды. Содан бері 4 жылға жуық құрылыс жұмыстары тоқтады. Ауылдың кіреберісінен бой көтерген нысанның тұрып қалуының бірнеше себептері бар. Мәселенің мән-жайын білмек болып аудандық құрылыс, сәулет және қала құрлысы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Хайруллинге хабарластық.

-Казталов ауылындағы 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2020 жылдың  шілде айында басталды. Тапсырыс беруші «KPO.B.V» Қазақстан филиалы компаниясы. Құрылыс мерзімі – 14 айды құрады. Құрылыс жұмыстарын «ТасқалаТренсГаз» ЖШС ұтып алып, бастаған болатын.

Жоғарыдағы аталған нысанның жобасы бойынша мердігер компанияның ұсынысымен өзгерістер енгізу қажет болды. Себебі, төбе жабуға арналған шатырдың қаңқалық арқалықтарының доғалы пішінінің қисық рельефі (гнутый рельеф дугообразный формы) көршілес Ресей елінен алынатын материалдар. Ол құрылыс материалдарының өзі тек тапсырыс негізінде және арнайы мамандандырылған зауытта шығарылады. Дайындалу мерзімі 5-7 ай аралығында. Осыған байланысты қажетті құрылыс материалдарын отандық өнім өндірушілердің өндіретін өнімдеріне ауыстыру жұмыстары ұсынылды. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын уақытша тоқтатып, сәйкесінше тиісті есептер жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының құны қымбаттады, яғни өзгерді. Сонымен бірге еліміз бойынша құрылыс материалдарының қымбаттауы да құрылыс нысанының тоқтауына себеп болды. Дегенмен, «KPO.B.V» компаниясы тарапынан мердігерден жобаның сметалық құның асырмауы талап етілген болатын. Алайда, мердігер бұл талаптармен келіспеуіне байланысты келісімшарт бұзылды.

Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. Сараптама қорытындысы бойынша болашақ кешеннің құрылысы 1 млрд. 99 млн. теңгеге бағаланған. Алдағы уақытта тапсырыс беруші «КПО Б.В.» арқылы қайтадан конкурс ойнатылады. Мердігер анықталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары қайта жалғасады. Казталов ауылындағы 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы әр дүйсенбіде өтетін аудан әкімдігінің аппараттық жиналысында талқыланып, құрылыс жұмыстары басты назарда және үнемі бақылауда болатынын хабарлаймыз, -деп бізді сендірді бөлім басшысы.

Бөлім басшысының сөзіне сенгіміз-ақ келеді. Әттең, көңілге кірген: «Бірақ!» деген сөз жақсы ойдың бәрін парша-парша жасайды. Аудан кіреберісінде ескіден қалған жұрттай «Мен мұндалап» тұрған құрылыс нысанына көз салсаңыз, көңіл күйіңіз еріксіз түседі. Ендігі кезекте құдайдан: «Дұрыс мердігер ұтып алып, дер кезінде сапалы аяқталса» деген тілек.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынуы аудан орталығында тағы да бір мәселені түбегейлі шешпек. Бүгінде балалар спорт мектебінің бүгінгі жағдайы мәз емес. Аталмыш мекеме былтырғы жылдан бастап облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қарауына енген. Дегенмен, жағдай түзелген емес. Спорт мектебінде жаттықтырушыларға да, оқушыларға да орын жетіспейді. Мектептегі жиырмаға тарта апталдай азамат қуықтай бөлмеде кезекпен отырады. Бұл аз дегендей, спорт мектебінің үстіне «Айбын» спорт клубы жайғасқан. Сақалды құрылысқа айналған дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысы аяқталса, аудан спортының дамуына зор үлес болмақ. Дегенмен, аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің көрсеткіштері баршылық. Бұл мектепте жаттығып, шыныққан жас спортшылар халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жақсы нәтижелерге жетіп жүргенін талай жазудамыз. Аудандық спорт мектебінде тәрбиеленген 16 оқушы бүгінде балаларға арналған спорт интернаттарында тәрбиеленіп жатқанын да қуанышпен айта аламыз. Жас жеткіншектердің жетістіктерін тізетін болсақ, газетіміздің бір беті жетпей қалатыны белгілі. Жаттықтырушылар арасында да жоғары жетістіктерге жетіп жүрген азаматтар баршылық. Пауэрлифтинг ардагерлер арасында Азия чемпионы, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы Айдын Елемесов те осы спорт мектебінде қызмет жасайды. Осындай нәтижелері бар мектептегі оқушылар тар жерде жаттығып, жаттықтырушылар қуықтай бөлмені паналауда. Ащы да болса шындық.

 

P.S. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, қаражат уақытында бөлініп, құрылыс басталған жағдайда елдің атқамінер азаматтары да, ауыл тұрғындары да бақылауды күшейтетіні анық. Біз де барлық құрал-жабдықтарымызды сақадай сай дайындап, нысанды нысанаға аламыз.

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале