14.02.2023, 17:16
Оқылды: 27

«Сүт өндірісіне, екпе шөптерді егуге ден қоюымыз қажет»

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын орындау мақсатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бүгін Бәйтерек ауданы Переметное ауылындағы аудандық мәдениет үйі ғимаратында халықпен кездесті.

dd07d8d9-f8fa-40b5-8117-d1c4a3fe1200

Алдымен облыс басшысы Переметный ауылдық округіндегі Деркөл өзені бөгетінде болып, биылғы  қарғын судан келер қауіптің алдын-алу мақсатындағы жоспарлы жұмыстармен танысты. Жыл сайын көктем шығып, қар ерісімен су тасқынын болдырмау шаралары іске асырылса, қазіргі таңда гидронысан салу жобасы жасақталуда.

75d62a7f-45a4-48c2-81a5-5416f742a6e7

Елмен жүздесу жиыны аграрлы ауданның жетістіктері көрініс тапқан аудан әкімі Марат Тоқжановтың есептік баяндамасымен басталды. Өткен жыл шаруашылықта да, тұрғындардың әл ауқатын дамытуда да табысты аяқталған. Жылдың ең басты жетістігі – егін мен көкөніс шаруашылығының бітік шығып, елдің мол өнімге кенелуі. Сонымен қатар ғылыми тұрғыдан да өсу байқалады.  Сөзімізге дәлел, ауданға қарасты Сұлукөл ауылында «АгросервисБатыс» шаруа қожалығының «AlemAgro» компаниясымен бірге ұйымдастырған «Дала күні» іс-шарасы.

Айту керек, бұл жерде облыста тұңғыш рет агроорталықтың тұсауы кесілді. Қара жерден маңдай терімен тапқан пайдасын, жер иесі халық игілігіне  жұмсап отырған Қайыржан Киргенев, Владимир Шевчук, Бейбіт Асанов сынды мәрт, кәсіпкер азаматтардың да аудан экономикасына қосып отырған үлесі қомақты. Сондай-ақ ауданында ауыл шаруашылығымен қатар білімге, мәдениетке, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған үлкен жұмыстар атқарылуда.

Ауданда тозығы жеткен мектептер аз емес. Сондай бір мектеп Щапов ауылының 1974 жылғы салынған білім ұясы. 2021 жылы мектеп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының атағын алып, сол жылы жаңа мектеп құрылысына қаражат бөлініп, бүгінгі күні Щапов ауылында 420 орындық су жаңа мектеп бой көтерді. Дәл осындай қуаныш қала маңында орналасқан, балалары әрдайым тасымалмен білім алған Жамбыл ауылында да орын алды. Бұл жерде 308 орындық жаңа мектеп бүлдіршіндерді қабылдап, жақын маңдағы ауылдың балалары қамтылуда. Рубежин және Егіндібұлақ ауылының мектептері күрделі жөндеуден өтті. Раздольное, Чувашин мектептерінің күрделі жөндеуі жалғасуда. Биыл Новенький ауылының мектебінің қайта жаңғырту және күрделі жөндеуі басталады. Конкурстық жұмыстар аяқталды. Ал 2023 жыл басында Жалын ауылында 60 орындық, Жайық ауылында 108 орындық, Садовый ауылында 108 орындық, Өркен ауылында 60 орындық мектеп құрылысы басталды. Достық елді мекенінде апатты жағдайдың алдында тұрған мектептің орнына жаңа 900 орындық мектеп салу жоспарлануда.

Осылайша өскелең ұрпақтың жайлы орында еш кедергісіз білім алуына толықтай жағдай жасалу көзделген.

Айту керек, облыста биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 18 және одан бөлек 16 білім ұясы бой көтермек.

«Ауылшаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін, құрылысты дамытуға маңыздылық беру керек. Мәселен, қазіргі таңда құс етімен облыс халқын түгел қамти алмай отырмыз. Мемлекеттен қолдау алып сүтті және етті бағыттағы ірі қара аламыз, ал өңір тұрғындарын сүтпен қамту әлі күнге импортқа тәуелділіктен арылмай отыр. Сондықтанда сүт өндірісіне, бау-бақша өнімдерін, мал азығы үшін екпе шөптерді егуге ден қоюымыз қажет.

Екінші облыс халқын алаңдатып отырған мәселенің бірі – жол. Биыл 72 млрд қаражат тек жолға бөлініп отыр. Битум тапшылығы мен құрылыс материалдарының құны күрт өсуіне байланысты біз ең алдымен республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың басталған құрылысын аяғына дейін жеткіземіз. Ауыл ішілік жолдарды салу жұмыстары әзірге кезек күтеді.

Тағы бір өткір тұрған сауал – ауыл-аймақтағы интернет жылдамдығының нашарлығы. Айту керек, 416 елді мекеннің 89-ы интернет жүйесімен толық қамтылмаған. Біртіндеп бұл мәселе де шешімін табуда», - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.

f084c5e9-c1c0-4c68-98df-cb2743e5fbbb

Тұрғындарды мазалаған түйткілдерге тоқталсақ, Январцев ауылының әкімі Абылай Жұмағалиев жол жиегін жағалай өскен ағаштардың қар ерігенде судың жайылып кетуіне кедергі келтіретінін, салдарынан көліктің өтуіне қиындық туатынын айтып, көмек сұрады.

 

79e0bd22-6765-4b0e-832f-23b723c1912c

Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл мәселе уақыт күттірмей шешілетін болды. Келесісі 1962 жылы салынып, күні бүгінге дейін жөндеу көрмей тұрған мектеп мәселесі, шаруашылық иелерінің жауапсыздығынан малдың егінге түсуі, егіс науқаны кезіндегі жанар жағармайдың жетіспеуі, көп балалы аналар атынан сөйлеген Қарлығаш Жүнісованың тұрғын үйді жекешелендіруге қатысты өтініші және Белес ауылдық округінің тұрғыны Марина Аманқұлованың несиелік серіктестік бойынша 2012 жылы несие алып, құрамындағы 3 адамның қарызын өтемеуінен күні бүгін басқаларының зардап шегіп отырғанын тыңдап, жиынға қатысып отырған жауапты сала мамандарымен талқылаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев шешімін қарастыратынын айтты.

Гүлжаз Баделова, Нұрсәуле Әбілпейсова,

Фото Сәлім Мәмбеталиев

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале