ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында азаматтардың өтініштерімен жұмысты жетілдіру шаралары талқыланды, деп жазады primeminister.kz.
Фото: primeminister.kz
Қазіргі уақытта республикада мемлекеттік органдардың жария өтініштермен жұмыс істеудің жаңа алгоритмі әзірленуде. Бұл азаматтардың өтініштерін әлеуметтік желілерден коммуникацияның заңды арнасы – «е-Өтініш» жүйесіне шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына негізделген азаматтар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекетінің жаңа мәдениеті қалыптаса бастайды.
Ғалымжан Қойшыбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдарға жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ете отырып, тұрақты негізде кері байланыс жүргізу және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру міндетін қойды. Осыған байланысты барлық деңгейде өзара іс-қимылдың проактивті форматын кезең-кезеңімен енгізудің маңызы атап өтілді.
Сонымен қатар кеңесте «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Азаматтарға жайлы қызмет көрсетудің бірыңғай орталығының жобасы таныстырылды. Онда ХҚКО-мен қатар, негізгі мемлекеттік органдар мен компаниялардың: әкімдіктің, салық қызметтерінің, БЖЗҚ, «Даму», «Атамекен» және т. б. кеңселері орналасады деп жоспарланып отыр. Бұл азаматтарға барлық қажетті қызметтерді бір ғимарат ішінде алуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, орталықта бірыңғай ID-ticket сервисін енгізу жоспарлануда, оның көмегімен азаматтың өтінішіне қызметтердің толық циклін алғанға дейін қолданылатын бірыңғай өтпелі нөмір беріледі.