Казталов ауданы орталығының маңындағы Сарыөзен жағалауында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының, «Айбын» спорт клубының, балалар жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұйымдастыруымен «Алтын балық - 2023» қысқы балық аулаудан аудандық турнир өтті.
Әуесқой балықшылар арасындағы қысқы байқауға Орал қаласынан, Казталов, Тереңкөл, Көктерек, Бостандық, Қайыңды ауылдық округтерінен келген 30-ға жуық балықшы қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов қатысып, балықшыларға сәттілік тіледі.
Екі сағатқа созылған турнир тартысты өтіп, балықшылар олжалы болды. Нәтижесінде тереңкөлдік Қайыржан Жұмашев жүлделі ІІІ орын, казталовтық Дәулетқали Нығметов жүлделі ІІ орынды иеленсе, Санжар Айтқалиев бас жүлдені қанжығасына байлады.
Ал Мержан Айтжанов «Ең үлкен балық иесі», Санжар Айтқалиев «Ең алғашқы ауланған балық иесі», Батырхан Байғонақов «Ардагер балықшы», Нуреддин Амантай «Ең жас балықшы» аталымдарына ие болды.
Жеңімпаздарға ұйымдастыру алқасы ұсынған дипломдар мен естелік сыйлықтар салтанатты түрде табысталды.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz