20.02.2023, 15:01
Оқылды: 18

Бәйтерек ауданында зияткерлік сайыс өтті

Туған жер – адам баласының шыр етіп жерге түскен, өсіп-жетілген қасиетті мекені. Оған деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отыратыны хақ. Оның тарихын білу мақсатында Переметный ауылында «Тұғыры биік туған жер» атты зияткерлік сайыс өтті.

IMG-20230220-WA0086
Аудандық кітапхана жанынан құрылған «Жамылған көк желегін жұмақ мекен» өлкетану клубы ұйымдастырған сайыс бірнеше кезеңді қамиды.

Яғни тарихи-танымдық доданың алғашқы кезеңі аудан орталығындағы мекеме-кәсіпорын қызметкерлері арасында өтеді. Сайыста озық шыққан топ екінші кезеңге жолдама алады. Ал финалдық сайыс 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай ұйымдастырылады.

IMG-20230220-WA0088
Зияткерлік сайыстың алғашқы ойыны екі мектеп арасында өтті. Ойынға Қ.Аманжолов атындағы және Переметный орта мектептерінің мұғалімдері қатысты. Төрт кезеңнен тұрған сайыс қызықты әрі тартысты болып, қатысушылар да, жиналғандар да аудан тарихы жөнінде біраз деректерді білді.
Айта кетейік, сайыс барысында Отанға, туған жерге арналған әндер орындалды. Сонымен бірге, көрермендерге де сұрақ қойылып, жауапты дұрыс тапқандарға сыйлық табысталды.

Олардың алған ұпайы жанкүйерлік етіп отырған топқа қосылды.

Нәтижесінде Переметный мектебінің командасы үздік деп танылды.

IMG-20230220-WA0087
Сайысқа қазылық еткен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Тілекбай Төлепқалиев пен аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыр Бәйтеректің тарихын дәріптеу жолында айтарлықтай істер атқарып келе жатқан кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді. Өз кезегінде сөз алған аудандық
орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Жеңісгүл Қалиқызы қатысушыларға алғысын айтып, алда өтетін додаларға да ұйымшылдықпен, жоғары дайындықпен келуге шақырды. Ал аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанар Ғұбашева бұл шараны аудан көлемінде өткізуді ұсынды.

Динара Насырова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале