21.02.2023, 11:00
Оқылды: 69

Парламент Мәжілісінің депутаттығына облыстан 11 үміткер тіркелді

Облыстағы бірмандаттық сайлау округтерінде ҚР Парламенті Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Облыстық мәслихат депутаттығына 48 үміткер (15 округ бойынша), қалалық мәслихатқа 81 (24 округте), аудандық мәслихат депутаттығына 403  (134 округ) кандидат тіркелген. Ал Парламент Мәжілісінің депутаттығына облыс бойынша 11 адам үміткер. Бұл туралы кеше облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов баспасөз мәслихатында айтты.  

 ОСК

– Өзін-өзі ұсынған 40 адам сайлауға қатысудан бас тартып, құжаттарын кері алып кетсе, 34-і жарна төлемегендіктен, тіркелген жоқ. Кандидаттыққа тіркелгендердің 70 пайызы – ер-азаматтар, 30 пайызы – қыз-келіншектер. Депутаттыққа ұсынылған ең жас үміткер – 22 жастағы бәйтеректік Динара Насырова.  Ең ересегі – 68 жастағы Тыныш Иманғалиев есімді азамат. Ол Шыңғырлау ауданындағы №3 сайлау округінен ұсынылды, – деді Ғайса Хамидоллаұлы.

Бүгінде үміткерлердің  сайлауалды үгіт-насихат іс-шаралары басталған.

Айта кетсек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлерге (партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттардан басқа) үгіт-насихат үшін 950 000 теңге көлемінде қаржы бөлінген. Оның 450 000 теңгесі теледидардан және радиодан бағдарламаларын таныстырып, сөз сөйлеу үшін, сондай-ақ мерзімді баспасөз және желілік басылымдарда екі мақала жариялауға, 300 000 теңгесі сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге, қалған 200 000 теңгесі көлік шығындарына арналған. Ал облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлерге 550 000 теңге  қарастырылған. Оның 350 000 теңгесі  телеарна мен радиодан сөз сөйлеуге, мерзімді басылымдарда екі мақала жариялауға, 130 000 теңге іс-шаралар өткізіп, үгіт-насихат құралдарын шығаруға, 70 000 теңге көлік шығындарына арналған. Қалалық және аудандық  мәслихат депутаттығына үміткерлерге 350 000 теңге бөлінген. Оның 200 000 теңгесі БАҚ-та мақала жариялап, теледидардан сөз сөйлеу үшін, 100 000 теңге үгіт-насихат құралдарын шығаруға, 50 000 теңге жол шығынына қарастырылған.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале