2022 жылдың тамыз айында «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы аты аңызға айналған шығармашылық ұжым «Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасын қолға алды.
Тұсаукесер 1 наурыз, 19:00 де QAZAQSTAN ОКЗ-да өтеді. Мәңгілік ел, 10/1 мекен жайы.
Қазақ өнерінің інжу-маржаны – «Гүлдер» ансамблі 1968 жылы құрылып, 1969 жылы 29 қазанда сахнаға шыққан. Алғашқы жетекшісі ҚР халық әртісі Гүлжихан Ғалиева. Ансамбль аз уақыт ішінде кеңінен танылып, көптеген шет мемлекеттерде сахнаға шығып, ел мақтанышына айналды. Қазақстанның белгілі әртістері Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Қапаш Құлышева, Қайрат Байбосынов, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нүркенова, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Бақтияр Тайлақбаев, Сембек Жұмағалиев, Гүлнәр Сиқымбаева, Қанат және Айткүл Құдайбергенов сынды өнер майталмандары шығармашылығын «Гүлдерде» бастады.
«Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасын жүзеге асыру мақсатында ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері алынды. Тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер ретінде Анвара Садықова және жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов шақырылды.
Жобаға дайындық кезінде «Гүлдер» ансамблінің мұрағаттық материалдары мұқият зерделеніп, топтың «алтын қорынан» ең үздік нөмірлер іріктеліп алынды. Сонымен қатар барлық жастағы көрермендер үшін қызықты, әртүрлі жанрдағы шығармалар мен жаңа музыкалық-хореографиялық туындылар қою жұмыстары басталды.
2023 жылдың 1 наурызында QAZAQSTAN орталық концерт залында «Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамының тұсаукесер концерті өтеді. Кешке қазақ эстрадасының майталманы, «Гүлдер» ансамблінің алғашқы солистерінің бірі, Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, жас әншілер Мәди Сыздықов, Зарина Божақова, Дидар Әбдіхалық және Салтанат Меңдіғалиева, TURAN фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен Steppe Sons альтернатив-фольк тобы қатысады.
Бұдан бөлек «Гүлдер» ансамблінің концерттері Қазақстан қалаларында және шет елдерде жалғасады.