24.02.2023, 15:45
Оқылды: 63

«Тамаша» ойын-сауық отауы аудан орталығына келді

М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халықтық театры жанындағы «Тамаша» ойын-сауық отауы гастрольдік сапарымен Казталов ауданы орталығына келді.

20230223153927_IMG_7009

С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен әзіл кешінде қоғамдағы өзекті тақырыптар қозғалып, халықтың көңілін серпілтті. Бұған дейін аталған ұжым гастрольдік сапармен Қараөзен, Жалпақтал ауылдарында болған еді.

20230223155040_IMG_7018

Халықтың қошеметіне бөленген әзіл кешінде Ж.Қамшиев, С.Аббасовтың «Кім әкім болады?», Қ.Отарбайдың «Пара», А.Наймантаевтың «Қалыңдық пен күйеу», Б.Орданың «Ерлі-зайыптылар әні», Ә.Балмұхамметтің «Әйелдер-ай әйелдері» мен «Әзіл ән» сынды қойылымдары сахналанды. Бірінде шенеуніктің сүйікті орнына таласқан достардың мансап құмарлығы сахналанса, енді бірінде қоғам індетіне айналған сыбайлас жемқорлық тақырыбы сөз болды.

20230223155111_IMG_7020

Ал «Қалыңдық пен күйеу» қоғамның назарынан тыс қалып жататұғын мүмкіндігі шектеулі жандардың махаббатын бейнелесе, «Әйелдер-ай, әйелдер» қазақтың тұрмыстағы нәзік жандыларының бүгінгі келбетін ашып көрсетті. Әзілге негізделген «Ерлі-зайыптылар әні» мен «Әзіл ән» бүгінгі қоғамдағы отбасы мен өмірдің маңызды сәттерінің жүгін көтеріп тұрды.
Киелі сахна төрінде тек әзілдер топтамасы ғана емес, Г.Мазгутовтың орындауындағы «Жеті қарақшы», М.Дүйсеновтың «Ауыл кешін көңілді», Ә.Оразғалиеваның «Армандар орындалады», Д.Казиуллиннің «Ант», Г.Мазгутов пен Э.Мұсағалиеваның «Буй-буй», Азамат пен Шалқыманың орындауындағы «Мәңгі бірге болайық», Н.Жалмұхановтың «Бозторғай», Б.Оразовтың орындауындағы «Сыйластық қана» әндері де көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
1986 жылы М.Ғұмаров атындағы халықтық театр жанынан құрылған «Тамаша» ойын-сауық отауының әртістерінің алар асуы әлі алды. Бұған дейін де республикалық додаларда топ жарып, әзілсүйер қауымның жүрегіне жол сала білген ұжымға аудан халқының да ықыласы ерекше. Бүгінгі кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Рүстем Зұлқашев та театр ұжымына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале