Спорт комитеті – Қорғаныс министрлігінің орталық спорт клубы базасында өткен спартакиадада Қазақстанның барлық өңірлерінен 14 пен 18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар бақ сынасты.
Қатысушыларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі Армия үйінде өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерін жарыстың аяқталуымен атақты спортшылар – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев құттықтады.
Жарыс 3 шақырымға шаңғы тебу, пневматикалық мылтықтан оқ ату, маңдайшада тартылу, денені шалқасынан жатып көтеру сайыстарынан тұрды.
Жеке біріншілікте 14 жастағы жасөспірімдер арасында Абай облысынан келген Михаил Беленков, 15-16 жаста – Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Роман Жеребило, 17-18 жаста - Батыс Қазақстан облысынан келген Роман Харчев чемпион атанды.
14 жас санатындағы қыздар арасында Абай облысынан Дарья Девяткова, 15-16 жас аралығында Батыс Қазақстан облысынан келген Наталья Панова, 17-18 жаста астаналық Александра Крутова үздік шықты.
Командалық есепте Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды Батыс Қазақстан облысының командасы, үшінші орынды Астана қаласының командасы иеленді.
- Спартакиада атауының өзінде терең мағына жатыр. Қалқан – қорған деген сөз. Бұл әрқашанда спортты жанына серік ететін, мықты, шымыр, епті болашақ Отан қорғаушылардың сайысы. Осындай іс-шараларға қатыса отырып, балалар жақсы тәжірибе жинап, алдарына жаңа мақсаттар қойып, тіпті достар табады. Алдағы уақытта бұл жобаға қолдау көрсетілетініне сенімдімін, - деп өз ойымен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев бөлісті.