1 наурыз – Алғыс айту күні
Редакция поштасына газетіміздің тұрақты оқырманы, қызылағаштық Берік Қажгереевтен хат келді. Қария ауылдасы Уәлихан Ерғалиевтің игі ісі туралы жазыпты.
«Уәлихан – қайырымы мол жігіт. Жаздай бел жазбай мал азығын дайындап, қымбатшылыққа қарамай ауылға шөптің бумасын 5 000 теңгеден сатты. Табысы аз жанұяларға бөліп төлеуге мүмкіндік жасады. Қызылағашта қар мен жаңбыр жауса, қатынас үзіледі. Боранды күндері көлікке дейін күртіктеп жаяу барасың. Жолай батқан машинаны итеріп, трассаға жеткенше талай уақытты жоғалттық. Жолда қалып қоюдың да не екенін білеміз. Ал, Уәлихан ауылдасымыз баласы Қайрат екеуі екі жылдан бері өздерінің шаруашылықтарының жұмыстары болса да, боран тұрса, келесі күні 9 шақырымдық кіреберіс жолды аршып, тазалап қояды. Бір жерге баратын болсақ, тегіс жолмен ызғып барып, шаруамыз бітіп, түске дейін қайтып келеміз. Бұрынғыдай ауыл шетіне емес, әркім көлігін үйінің алдына қояды», - деп ризашығын білдіріпті Берік Қажгереев.
Жақсылықты риясыз жасайтын Уәлихандай азамат әр ауылда болса… Бар да шығар. Оларды елеп-ескергеннің айыбы жоқ.
Айта кетейік, Ерғалиевтер жетекшілік ететін «Жайсаң» шаруа қожалығы қазір қыстағында 300 ірі қара, 700 ешкі, 900 қойды қыстатып жатыр.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы