Сурет салу – ойлауды, сөйлеуді, көруді және миды дамытатын шығармашылық жұмыстың бірі делінеді. Ақсай қаласында осы өнерге баулитын балаларға арналған мектептен тыс орталықтар баршылық. Солардың бірі – «Art masters» өнер орталығы.
«Art masters» өнер орталығы – балаларға және ересектерге арналған шығармашылық орталық. Ашылғанына бірнеше жыл болған орталықта қазір 45 оқушы бар. Алғаш келген кезде алдымен балаларға сурет салудың әдіс-тәсілдері үйретіледі екен. Сурет мектебіне балалар 5 жастан бастап қабылданады. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топтарға бөлінген.
Баланың қиялын дамытуда, оның икемін бағыттауда білікті ұстаздың алар орны ерекше. «Art masters» өнер орталығының құрушысы – кескіндеме, графика және мүсін мұғалімі Ляззат Көшекбаева. Ол көптеген халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегері, республикалық «ART FEST 2020» конкурсының ұйымдастырушысы.
Халықаралық Golden Time Talent конкурсына 16 оқушысымен қатысып, барлығы да жүлделі орындар иеленген. Бұл жарысқа әр түрлі жастағы қатысушылар қатыса алады. 7-14 жас аралығындағы оқушыларымен қоса, ұстаздың өзі де қатысқан екен. Ляззат Есенқұлқызы өз картинасымен І орын иеленіп, қазылар алқасы құрамына енген.
Конкурс қатысушыларының бірі 9 жастағы Марина Продун. Марина 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап орталықтағы сурет үйірмесіне қатысып жүр. Осы уақыттың ішінде үлкен дәрежеге жеткен оқушылардың қатарында.
Марина 4 жасынан сурет сала бастаған. Анасының айтуынша, Маринаның сурет салу қабілеті әжесінен дарыған. Маринаның әжесі шығармашылық адамы, сурет салады, кесте тігеді, тоқиды, қолөнер бұйымдарын да жасайды. Марина үшін сурет салу – өзінің көңіл-күйін және ойын жеткізудің бір түрі болып саналады дейді анасы. Басқа ештеңеге көңіл бөлмей, күні бойына сурет сала бере алады екен. Марина 8-10 жас аралығындағы балалардың арасында І орын алған. Жұмысының атауы «Морской закат». Жазда Лондон қаласында өтетін көрмеге жолдама алған оқушлардың қатарында.
Тағы бір жүлдегер – 11 жастағы Айымжан Сапарғали. Айымжан конкурсқа екі рет, яғни екі жұмысымен қатысқан. Екі жұмысымен де жүлделі орын иеленді. Айымжан да орталыққа қыркүйек айынан бастап келген. Алты айдың ішінде сурет салудың біршама қыр-сырын танып үлгерген. Көбіне өз ойымен, тып-тыныш, мұқият жұмыс жасайтын оқушылардың бірі. Айымжан 8 жасынан сурет салып бастаған. Отбасында сурет салатын тек өзі. Бұл өнер бос уақытында айналысатын, жақсы көретін істерінің бірі. Ол 11-14 жас аралығындағы балалардың арасынан конкурсқа екі картинасымен қатысып, екеуімен де ІІІ орын иеленген. Айымжанның жарысқа қатысқан картиналарының атауы «Весна в Париже» және натюрморт «Фантазия».
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы