Кеше «Ән мен ақын» жобасы аясында «Ән ішінде әлем бар» атты жас ақын Дәурен Шамұратов және кейінгі кездері ақындығына қоса сазгерлігімен де танылып жүрген Орынбек Меңдіқұлов, Әділ Ахметовпен әдеби-сазды кеш өтті.
Іс-шара барысында экраннан кеш иелері жөнінде бейнебаян көрсетілді. Үшеуі сахнаға бірге шығып, өлеңдерін оқыды. Жас өнерпаз Жалғас Исмағұлов «Таңдағаным», «Орамалды қыз», Айзат Айдосұлы «Сұлу қызы Қаратөбенің», «Ағылшын апай», Мерей Амангелдиев «Қайтер екенмін?», Елдос Өтеген «Өзің біл», «Менің сүйгенім бар», Елжас Мағзом «Күзге ұқсайды» және Әділ Ахметов «Вокзал маңы», «Ақын махаббаты», «Сол вальс» секілді әндерді орындап, көрерменді тәнті етті.
Бүгінде бұл үш жігіттің туындыларын Димаш Құдайбергенов, Әбдіжаппар Әлқожа, Мәлік Жамбылұлы, Рүстем Жүгінісов және басқа да өнер жұлдыздары үлкен-үлкен сахналарда шырқап жүр.
– Әдеби-сазды кеште әсем ән шырқап, көрерменді ерекше әсерге бөлеген өнерпаздарға рахмет! Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады. Таланттыларды өнерсүйер қауымға таныту – біздің басты мақсат-міндетіміз, – деген Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Талғат Мықи жастарға алғыс хат ұсынып, естелік сыйлық тарту етті.
Өз кезегінде тіл жанашыры Марина Богомолова жастарға сәттілік тіледі. Концерт «Қазақстаным» әнімен аяқталды. Оны Әділ Ахметов пен Мұқағали Өтепов орындады.
– Осындай кеш өткізіп, бізге көпшіліктің алдында еркін көсілуге мүмкіндік сыйлаған Бауыржан Ергенұлы бастаған ұжымға алғысымыз шексіз. Оқушы кезімнен өлең жазамын. Мен сөзін жазған әндердің тыңдарманның көңілінен шығып жүргеніне қуаныштымын, – деді Дәурен Ибатұлы.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz