2.03.2023, 14:45
Оқылды: 50

Алмаз ауылында дәстүрлі ән кеші өтті

Дәстүрлі ән өнерін әлемге мойындатқан әнші-термеші Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, Шыңғырлау ауданына қарасты Алмаз ауылының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рақымқызының туғанына 74 жыл толды.

1E8C5D91-8A75-4A9C-8FDD-7C7347456CFC

Осыған орай аудандық музыка мектебінің дәстүрлі ән сыныбының ұстазы Аманғали Сатпанов шәкірті Сұлужан Задыгермен бірге «Жанды емдейтін әуенім» атты дәстүрлі ән кешін өткізді. Қалампыр апамыздың ән аманатын арқалап, ән өнерін одан әрі дамытып жүрген Сұлужан қыз «Ақжайық», «Он алты қыз» сияқты халық әндері мен Н.Байғаниннің сөзіне жазылған Ғ.Құрманғалиевтің «Еңбек туралы терме», «Әнші дауысы», Ж. Жабаевтың «Жаз» сияқты ән-термелерін шырқап, көпшіліктің қошеметіне ие болса, Аманғали Сатпанов Ақан серінің «Балқадиша» және «Сартай» термесін орындап, халық көңілін бір серпілтті.

4A1AC4CF-7013-4DBF-883B-611C46446EA8

Сондай-ақ дәстүрлі ән сыныбының 2-сынып оқушысы Мерей Рахымжанова Қадыр Мырза Әлінің «Қазақ осы», Ерасыл Амангелді, Ниязбек Сайын, Айбар Тулеушев сынды ән мектебінің 1-сынып оқушылары халық әні «Қоғалайды» нақышына келтіре орындады.

Кеш соңында Алмаз ауылдық округінің әкімі С. Қалниязов өнерпаздарға ризашылығын білдірсе, Қалампыр Рақымқызының сіңлісі Жаңылсын Рақымқызы әнші апамыздың өнерін жалғап жүрген жас әншілерге алғысын айтты.

Айта кететін тағы бір жайт, ауылдан шыққан жас талант Задыгер Сұлужанның өнерін елге таныстыру, насихаттау мақсатында аталмыш концертті Алмаз ауылдық клубының меңгерушісі Г. Әбілқайырова ұйымдастырды.

Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале