Бүгін Жаңақала аудандық спорт кешенінде волейболдан 2006-2007, 2008-2009 және 2010-2011 жылы туған жасөспірім қыздар арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтуде.
Чемпионаттың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, Батыс Қазақстан облысының волейболдан қыздар командаларының аға жаттықтырушысы Нұрсұлу Амангелдіқызы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данял Танзенов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Ғаббасов және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Дәурен Жағыпаров қатысты.
Аталмыш сайысқа Ақжайық, Сырым, Теректі, Казталов, Бәйтерек, Шыңғырлау, Жаңақала аудандары, Жалпақтал ауылдық округі, Орал спорт клубы, Жалын волейбол клубы және Орал қаласының командалары қатысуда.
Алдымен Қазақстан Республикасының көк туы желбіреп, әнұран шырқалды.
Одан әрі Ақнұрлы Нұрғалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, Нұрсұлу Амангелдіқызына аудан әкімі Дархан Закариннің алғыс хатын табыс етті.
Содан соң Н.Амангелдіқызы сөз алып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Жанболат Мұсағалиев «Спорт серігі» әнін шырқап, спортшыларға жігер сыйлады.
Ашылу салтанаты аяқталған соң Сырым ауданы мен Жалын волейбол клубы командалары дүбірлі доданы бастап кетті.
Сайыстың қорытындысын газеттің алдағы санынан біле аласыздар.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz