4.03.2023, 0:15
Оқылды: 74

“Жаңақала келіні - 2023”

Әдемі де әдепті, инабатты да ибалы келіндерімізбен қалай мақтансақ та жарасымды. Ұлтымыздың салт дәстүрінің  ұлықтаушысы да, тіліміздің тірегі де - осы келіндер. Халқымызда «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» деген де дана сөз бар. Осы орайда 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудандық мәдени-демалыс орталығында «Жаңақала келіні – 2023»  аудандық келіндер байқауы өтті.
image-03-03-23-23-13-4
Байқауға аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, Халықтық «Айзере» әжелер ансамблінің мүшесі, мәдениет саласының ардагері Нұржамал Спанова, ардегер ұстаздар ұйымының жетекшісі, зейнеткер  ұстаз Рая Апахаева, адал еңбекпен кәсібін жүргізіп отырған үлгілі келін Анаргүл Досқалиева, «Жаңақала келіні – 2018» байқауының жүлдегері Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің  жоғарғы санатты домбыра сыныбының мұғалімі Амангүл Сисенова әділ бағаларын беріп, төрелік етті.
image-03-03-23-23-13-1
Байқау ережесіне сәйкес сайыс 20 мен 35 жас аралығындағы тұрмыс құрып, келін атанғанына үш жылдан асқан ибалы келіндер арасында өтті. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға арналаған байқауда ауданның ауылдық округтерінен ақылына көркі сай он жас келіні қатысып, сынға түсті. Жас келіндердің бәрі де “Па, шіркін, қазақтың келіндері осындай-ақ болсайшы” дейтіндей бірінен-бірі өткен сұлу да көркем, он саусағынан өнері тамған шебер жандар екен.
image-03-03-23-23-13-3
Ою-өрнекті қазақы киім жас келіндердің көркін асырып, ажарын аша түскендей. Аталмыш байқау “Қайын жұртым - қадірім” таныстыру, “Ақ мол болсын” үй жағдайында сүт өнімдерінен дайындалған тағамдарын ұсыну, “Әдепті келін - әдемі” бағамында өз өнерлерін көрсету, “Ұршық иіру ұмыт қалмасын” және “Аналар кеңесі - ұлағат” ситуациялық жағдаяттардың шешімін табу кезеңдерінен тұрды. Сайысқа қатысушы он үміткер төрт кезең бойынша өз өнерлерін көрсетіп, қазақ келініне тән сыпайылықты бойға сіңіргендерін аңғартты.   Байқаудың қатысушыларына ауылдық округ әкімдері мен жетекшілері қаржылай демеушілік жасағанын айта кеткен жөн.
image-03-03-23-23-13
Осылайша қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді анықтаудың қиын болғаны рас. Нәтижесінде Қырқопалық келін Ақерке Каменоваға жүлделі III орын, Көпжасарлық Назерке Нухановаға II орын бұйырса, Бірлік ауылының келіні Гүлбақыт  Дүйсен I орынды иеленді. Барлық бөлімдерде басым түскен Жаңақалалық Ұлпан Наурызғали бас жүлдені жеңіп алды. Шараның соңында байқаудың жеңімпаздары мен қатысушыларына арнайы алғысхаттар, ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ару Айдын,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале