4.03.2023, 17:18
Оқылды: 86

Жақсы келін - әулеттің ырысы

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай Ақжайық ауылында Теректі аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің қолдауымен «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» атты аудандық келіндер сайысы өтті.

IMG-20230304-WA0046

Ата-ененің келіндеріне өсиет айтуынан басталған іс-шараға Ақжайық ауылындағы  бір топ келін әсем киімдерімен әндетіп кіріп келгенде, ерекше сезімді бастан кешірдік. Одан кейін барлығы ақсақалдың батасын алды.

Қойылымнан кейін сахна төріне аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева шығып, ақжайықтықтарды мерекемен құттықтап, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадыралиев те жерлестеріне ақжарма тілегін арнап, 7 баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана Ақтоты Иманғалиеваға «Алтын алқа» төсбелгісін табыстады. Келіндер сайысының өтуіне бірден-бір себепкер -  Ақжайық ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Ғазиза Рахметова 2021 жылдан бері жоспарланған іс-шараның сәті түсіп, жүзеге асып жатқанына қуанышты екенін жасырмады. Сондай-ақ қолдау танытқан аудан әкімі Тілек Александрұлына алғысын айтты.

IMG-20230304-WA0047

Қазақтың салт-дәстүрін, отбасылық құндылықтарды насихаттау, қазақ келінінің бойындағы ақылдылық пен парасаттылық арқылы отбасының ұйтқысы ретінде алар орны ерекше екенін ұғындыру, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатын көздеген байқауда аудандық аналар кеңесінің төрайымы Аягөз Айтқалиева, ардагер ұстаз Маруа Атамбозқызы, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, Подстепный ауылдық мәдениет үйінің директоры Айнұр Қуанышқалиева, аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Кәмшат Қадырғалиева және Ақжайық ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Салтанат Берікқалиева қазылық етті.

IMG-20230304-WA0030

«Тегін білу - тектілік» (таныстыру), «Өнер - асыл қазына» (өнер көрсету), «Ана көрген тон пішер» (қағаз бен матадан ою қию), «Бала - бақыт» ( бесік жырын орындау), «Сыр-сандық» (салт-дәстүр мен ситуациялық сұрақтарға жауап беру) сынды бес кезеңде Ақжайық, Шалқар, Подстепный ауылдарынан 9 келін қатысып, бақтарын сынады.

IMG-20230304-WA0042

Төрт сағатқа созылған тартысты сайыста келіндердің ұқыптылығы, өнері, талғамы, сахна мәдениетін сақтауы, әртістік қабілеті мен шеберлігі сараланды.

Сонымен, байқау нәтижесі бойынша өзгелерден оқ бойы озық шыққан Ақжайық ауылының келіні Аружан Нұрмұхан бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі І орынға Подстепный ауылының келіні Зылиха Қалмағанбетова лайықты деп танылды. Абай ауылынан келген Әсем Ситкалиева ІІ орын алса, ақжайықтық Жанат Орынбасарова ІІІ орынды иеленді. Ақжайық ауылының келіндері - Үміт Жаңабергенова «Ибалы келін», Перизат Габдулова «Заманауи келін», Аяжан Орынбасар «Парасатты келін» және Тілектес Айтқалиева «Сымбатты келін» номинацияларына ие болса, Сарыөмір ауылының тұрғыны Ару Дінжан «Шебер келін» атанды.

Байқауға қатысушылардың барлығы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Аяулым Бақтығали,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале