6.03.2023, 9:00
Оқылды: 36

Балуандар белдесті

Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылындағы спорт кешенінде аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен, самбо күресінен ҚР кубогінің иегері, спорт шеберлері арасында ҚР чемпионы, спорт ардагері Рауан Есенғалиевтің 50 жас мерейтойына арналған турнир өтті.

20230303065414_IMG_7558

Қазақ күресінен өткен аудандық ашық турнирде ересектер түйе балуанға, ал самбо күресіне 2010-2012 жылы туған жасөспірімдер қатысты.

20230303061905_IMG_7525

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Рүстем Зұлқашев мерейтой иесі Рауан Бақтығалиұлын құттықтап, балуандарға сәттілік тілеп, спорт ардагерін алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ спорт ардагеріне БҚО грек-рим және еркін күрес федерациясының құрметті президенті Б.Бегайдаров, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Есендияров, облыстық спорттық және әскери самбо федерациясының президенті Т.Шайхиевтің алғыс хаттары табысталып, Жалпақтал ауылдық округі әкімінің алғыс хатымен, «Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрметті спорт ардагері» медалі мен «Спорт жұлдыздары» журналы редакция алқасының «Спорт ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

20230303063249_IMG_7539
Орал қаласы және Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Тасқала, Сырым, Теректі, Шыңғырлау, Казталов аудандары мен Жалпақтал ауылының балуандарының боз кілемдегі бәсекесі тартысты өтті.

11 салмақ дәрежесі мен түйе балуандардың күші шыңдалған турнир қорытындысына тоқталсақ.
Турнирдің ең жеңіл салмақ дәрежесі 26 келі салмақта сынға түскен балуандар арасынан жалпақталдық Әлішер Нұрмұханбет жүлделі І орынды қанжығасына байлады. Ал 29 келі салмақ дәрежесінде тасқалалық Нұрәлі Қазиоллин жеңіс тұғырынан көрінді. 32 келі салмақ дәрежесі бойынша Әділхан Қайыргелді І орынға ие болды. Жас балуан Ерасыл Тасқайыров  35 келі салмақ дәрежесінде үздік деп танылса, жалпақталдық Ералы Сансызбай 38 келі салмақ дәрежесінде мықтылығын көрсете білді.

Ал 42 келі салмақта сынға түскен балуандар арасында тасқалалық Мәди Дәулетжан бас жүлдені қанжығаға байласа, 46 келі салмақ жәрежесі бойынша Нұрбек Саясатов І орын иеленді. Жасөспірімдер арасында 48 келі салмақ дәрежесінде теректілік Рахим Сайфитденов, 53 келі салмақта ақпәтерлік Ерген Елемес,  58 келі салмақ дәрежесінде тасқалалық Аңсар Ульданов  І орынға ие болды. Ал 250-ге жуық жасөспірім қатысқан турнирдегі 58 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сырымдық Ерболат Ғабдукәрімов жүлделі І орын иегері атанды.

IMG-20230306-WA0012
Турнирдің басты бәсекесі түйе балуандардың қазақша күресі де тартысқа толы болды. Кіл мықты сынға түскен додада көктеректік балуан Бекайдар Меңдешов ІІІ орын, бөрлілік Теміржан Көлбай ІІ орынға ие болса, Ақпәтер ауылдық округінің балуаны Бақытжан Амангелді бас жүлдені қанжығаға байлады.

Аудандық турнирдің жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, турнирдің басты жүлдесі жүйрік тұлпар иесі жеребе арқылы анықталып, оған ақпәтерлік Ерген Елемес ие болды.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале