Тарихтан белгілі Домалақ анамыз сияқты ақыл-парасатымен, білімділігімен, біліктілігімен қоғам ісіне белсене араласып еліміздің, қаламыздың, ауданымыздың өсіп өркендеуіне, өскелең ұрпақтың тура жолдан таймай қоғамда өз орнын табуына атсалысып жүрген аналарымыз баршылық. Аудандық әкімдік жанынан құрылған әкімдік кеңестері де қоғамдағы әйел-аналарға жүктелген міндеттердің жүгін біршама көтерісіп келеді.
Бөрлі ауданы әкімдігінің жанындағы Аналар кеңесі 2015 жылы 30 қарашада консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған. Кеңес құрамына түрлі сала мамандары, аналар мен бала мәселелерімен айналысатын қоғам қайраткерлері, ауылдық округтердегі Аналар кеңесінің төрайымдары кіреді. Кеңестің мақсаты отбасы институтын нығайту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, жастар арасында Қазақстан халқының мәдениетін, салт-дәстірлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттау бойынша жұмысты жетілдіру, үлгілі отбасылардың тәжірибесін, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар аясында балаларды тәрбиелеу ісіндегі ата-әжелердің тәжірибесін жинақтау және кеңінен тарату, азаматтық қауымдастық, қазақстандық патриотизм, рухани-мәдени өзара ықпалдасу негізінде жастар арасында қазақстандық сәйкестілікті қалыптастыру мен нығайту болып табылады.
Аналар кеңесінің негізгі міндеті – әлеуметтік мәселелердегі аналар рөлін анықтауға отбасы және неке институтын нығайту, ел ішіндегі ажырасудың алдын алу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу жөніндегі шараларды жүзеге асыру. Осы бағытта Аналар кеңесі төрайымдарының, мүшелерінің қатысуымен барлық дерлік ауылдық округтерде 2022 жылы «Ынтымағы жарасқан отбасы» /интернационалды Комаринскийлердің отбасымен кездесу/, «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбында тәрбие сағаттары, «Отбасы шағын мемлекет» /Ақсу ауылында спорттық шара/, «Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына» атты танымдық кеш /Қызылтал ауылында Кенбаевтар отбасымен кездесу/ сияқты көптеген шаралар өткізілді.
Үйде жұмыссыз отырған аналарды, көпбалалы аналарды, мүмкіншілігі шектеулі аналарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында Пугачев ауылында «Бизнес бастау» жобасы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Әжелердің немере-шөберелеріне деген мейірім-махаббатын, ой-арманын, ізгі ниетін, ақыл-өсиеттерін көпшілікке таныстыру, қоғамда әжелердің бала тәрбиелеудегі алатын орнын бағалау, әжелердің белсенділігін арттыру, халыө ауыз әдебиетінің жанры бесік жырын насихаттау мақсатында «Әлди, әлди ақ бөпем» атты әжелер арасында бесік жырын айтудан сайыс өткізілді. Сондай-ақ, ата-ана мен бала арасындағы сенімділік пен сыйластықты, мейірімділік пен қамқорлықты нығайту мақсатында «Ақсай жастары» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Ең үздік отбасылық демалыс» онлайн фотоконкурс ұйымдастырылды. Қуантарлық жайт, осы конкурсқа нашар қамтылған отбасыларынан қатысушылар көп болды және ұсынылған суреттері де шынайы. Жеңімпаздардың суреттері әлеуметтік желілерді жарияланып, бағалы сыйлықтар берілді.
Аналар кеңесінің назарынан көп жыл отасқан отбасылар да тыс қалған емес. Олардың ұзақ уақыт жұбын жазбай қатар жүріп, қызмет етіп, бала тәрбиелеудегі өмір тәжірибелерімен жастарды таныстыру мақсатында Приурал ауылында Шишковтар (50 жыл отасқан) және Безноговтар (55 жыл отасқан), Бөрлі ауылында 45 жыл отасқан Иргалиевтер отбасыларымен кездесулер ұйымдастырылды.
Аналар кеңесінің құрамындағы жасы үлкендігіне қарамай қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген Ж.Ижекенованың (Бумакөл а/о), кеңес жұмысымен қатар көп жылдан бері медиатор қызметін қатар алып жүрген М.Сельбаеваның (Пугачев а/о), мүгедек балаларға қамқорлығын аямай жүрген, отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға пана болған «Жас дарын» коммерциялық емес қоғамдық қорының директоры Т.Ищенконың, күйзеліске ұшырап тура жолдан адасқан жасөспірімдерге, сотталып шыққан азаматтарға психологиялық көмек көрсетіп жүрген Жастар ресурстық орталығының психологі Б.Байқадамованың, ауылдың тыныс-тіршілігін жете білетін, әрбір азаматының мұң-мұқтажымен таныс және дер кезінде көмек қолын соза білетін А.Есенжанованың (Приурал а/о), ұстаздық қызметтерімен бірге бала тәрбиесіне, нашар қамтылған отбасыларына баса назар аударып, оларды барынша қолдауға ықпал етіп жүрген З.Абишеваның (Ақсу а/о), Р.Гусманованың (Қарағанды а/о), С.Камалованың жұмыстарын ерекше атап өтуге болады.
Халықаралық әйелдер күнінің қарасаңында барлық аналарға зор денсаулық, отбасылық бақыт тілеймін. «Әрбір әйел етегіне оралған баласымен бақытты» дегендей балаларының қызығын көрсін, көңілдерін кірбің шалмасын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Әтіргүл Идгеева,
Бөрлі аудандық Аналар кеңесінің төрайымы