6.03.2023, 22:17
Оқылды: 198

«Ақ жаулықты әжелерге» 20 жыл

Халқымыздың салт-дәстүрін насихаттап, ұлттық әндерді әуелете шырқап жүрген ауданымыздағы халықтық «Ақ жаулықты әжелер» ансамблінің құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Ақ жаулықты апалардың өнеріне аудан халқы әрқашан риза. Ұмытылып бара жатырған халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын әжелеріміз құлақтың құрышын қандырады. Зейнеткерлікке шыққан кезде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген әжелеріміз жас ұрпаққа үлгі көрсетіп жүр.

Әжелееррр

Осыған орай Бөрлі ОКЖ №1 қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ақ жаулықты әжелер – бірлігімнің символы» атты мерекелік кеш өтті. Ақ кимешекті абзал аналарымыз бүгін осы жерге жиналған. Шараға «Жүздесу» қызығушылық клубының мүшелері және қаламыздағы №5 ЖОББ мектебінің 7-сынып оқушылары қатысты. Сонымен қатар кешке Бөрлі ОКЖ директорының уақытша міндетін атқарушы Айгүл Мұсаева да қатысып, әжелерді мерейтойымен және халықаралық әйелдер мерекесі күнімен құттықтады. Уақыттарының көп бөлігін осы аудандық мәдениет үйінде өткізетін әжелеріміздің ермегі ән айту.

2003 жылы ашылған әжелер ансамблі қазіргі таңда ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізге жан бітіруде. Басында 7 әжеден құрылған ансамбльдің құрамында қазір 13 әже бар. Құрамдағы әжелер 60-73 жас аралығында. Осы ұжымның жетекшісі Нүрия Сейтжанова. Ұжым мүшелері тек аудан аумағын аралаумен шектелмей, басқа да аудандарда және Орал қаласындағы шараларда өз өнерлерін көрсетіп жүр. Халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеумен айналысып жүрген «Ақ жаулықты әжелер» ансамбліне 2016 жылы халықтық атағы берілген.

Әжелер

«Ақ жаулықты әжелер» ансамблімен біздің ұжым бірінші рет жұмыстанудамыз. Ауданымыздың зейнет жасындағы әжелерінен құрылған ансамбль қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, тынбай еңбек етіп жүр. Сахнаның сәніне айналған әжелеріміз көпке үлгі. Өсіп келе жатырған жас ұрпағымызға әдет-ғұрыптарымызды көрсетіп, дәстүріміздің ұмытылмауына себепші болып жүрген жандар, - дейді №1 қалалық кітапхана меңгерушісі Айжан Қарақұлова.

Мерекелік кеш барысында әжелердің осы уақыт аралығындағы қатысқан шалалары бейнеролик арқылы көрсетілді. Сонымен қатар оқушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Қоғамдағы мәселелерді көтеріп, оқушыларға өз ақылдарын айтты. «Ақ жаулықты әжелер» ансамблі кеш барысында «Дедімай-ау», «Гүлдерайым», «Ах, Самара городок» және тағы басқа әндерін шырқады.

-Мен 2007 жылы ансамбльге қосылдым. Біз Теректі, Шыңғырлау, Сырым, Тасқала аудандары және Орал қаласында болдық. Осы уақытқа дейін неше түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрміз. Халық әндерін шырқау, салт-дәстүр көрсету, тағы басқа да жарыстарға қатысып жүрміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген ауыл мәдениет үйлерінің жанынан клубтар ашылды. Мысалы, аталар, келіндер, бойжеткен және бозбала клубтары. Жастарымыз білсін, көрсін деп, ұмытылып бара жатырған дәстүрлерімізді шараларда көрсетіп жүрміз. Әжелердің барлығы да жан-жақты. Араларынан мұғалім, қаржыгерлерді де табасыз. Біз әнді баянның сүймелдеуімен орындаймыз. Сүймелдеушіміз Ольга Антонова. Бұрын тек ән айтатынбыз. Қазір басты назарда салт-дәстүрді жас ұрпаққа насихаттау. Біздің 20 жылдық мерейтойымызға осындай кеш ұйымдастырып жатырған №1 қалалық кітапхана ұжымына алғыс айтамын, - дейді ансамбль жетекшісі Нүрия Ғайниденқызы.

Ансамбльдің 15 жылдығында ұмытылып бара жатырған қара өлең жарысында бас жүлде, Жеңістің 75 жылдығына арналған облыстық байқауда ІІ орын, Тасқала аудандық әжелер ансамблінің 35 жылдығына арналған сайыста ән айтып, салт-дәстүр көрсетіп ІІІ орынға ие болған. Әжелер ұжымы талай марапаттарға, алғыс хаттарға ие болған. Өнерлі әжелеріміз ауданымыздың мәдениет саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әжелеріміздің өнері, олардың мектебі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, таптырмас тәрбие құралы.

Мінеки, жас кезінде өмірге ұрпақ әкелсе, ал енді оларды жеткізген шақта өнерге ұмытылып, аудан халқының ілтипатына бөленіп жүр. Ұлттық рухты оятып, салт-дәстүрді жаңғыртып жүрген асыл әжелердің еңбегі шынымен бағалауға тұрарлық. Әнші әжелердің алға қойған жоспарлары да өте көп.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале