14.03.2023, 17:29
Оқылды: 53

Сырым ауданы: С. Сейфуллин көшесі үшін күрес

Су тасқынының алдын алу жұмысы Жымпитыда 8 наурызда басталды. 5 күн бойы ауыл көшелеріндегі іркілген сулар сорылып, төтеншеліктер 30 тұрғынның үй-жайының маңына арнайы шақыру бойынша қызмет көрсетті. 

IMG-20230314-WA0113

13 наурыз күні Өлеңті өзенінде сең жүріп, айдын арнасынан шықты. Жайылған су аудан жағадағы С. Сейфуллин көшесіндегі үйлердің ауласына тақалды. Кешкі сағат 18:00 шамасында Жымпитыда С. Сейфуллин көшесі үшін күрес басталды. Бір үйдің тұрғындары эвакуацияланып, кейін көшесінің төменгі жағында тұратын ауылдастардың бәрі тұрмыстық техникаларын жоғары көтеріп, құжаттары мен керекті дүниелерін алып, үйлерінің сыртына шықты. Ал мал-түліктер қауіпсіз жерде тұратын көрші-көлемнің қорасына жеткізілді.

3c1418fe-10ea-4f5b-b3f8-94975b5d501c

Көшеде 4 жүк тиегіш техника, 1 КАМАЗ, су сору моторлары жұмыс жасады.

Тасқынға тосқын жасау үшін Сырым ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің жеке құрамы мен мекеме қызметкерлерінен және ерікті ауыл тұрғындарынан құралған қызық қарап тұрмай, дереу іске кірісті. Сынақ халықты біріктірді. «Мен мемлекеттік қызметкермін» немесе «Мен басқа көшеде тұратын едім» демей, жігіттер шалт қимылдап, 4000 қапты құмға толтырып, өзен іргесін шегендеді, жекелеген үйлердің жанына судан тосқауыл қойды. Түн қараңғысында 120 тонна қиыршық құм қапталып, ернеуге қойылыпты.  Нәтижесінде, баспаналарға жақындаған су арнасын өзгертіп, көшенің келесі бетіне қарай жайылды.

8fb4be41-1862-4cf3-b629-3c67c12e58dd

Түнгі сағат 22:00-ден бастап су деңгейі қайта бастады. Үйлер аман. Тұрғындар баспанасына қайтты. С. Сейфуллин көшесі бірліктің арқасында тілсіз жаудың бетін қайтарды. Су сору, құм қаптау, адам тасымалдау жұмыстары жүріп жатқанда, халыққа тегін ыстық тамақ таратқан жомарт жандар болыпты. Әлемді мейірімділік құтқарады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале