15.03.2023, 17:00
Оқылды: 233

Миланда өткен сән апталығында қазақстандық дизайнерлердің топтамалары көрсетілді

Жуырда батысқазақстандық дизайнерлер Италияның Милан қаласында өткен сән апталығына қатысып келді. Батысқазақстандық дизайнерлер Әсем Сырымова, Айнагүл Мүйтенова және Лунара Ильхамқызы ортақ бір топтама ұсынған. Олардың үшеуі де БҚО дизайнерлер қауымдастығының мүшесі.

Милан (39)

Апталыққа Қазақстаннан 17 дизайнер барды.

-Ақпанда Милан қаласында өткен «MAD MOOD MILAN FASHION WEEK – 2023» көрсетіліміне барып қайттық. Жылдың басында шақыру алған болатынбыз. Көрсетілім одан әрі еңбектеніп, тың дүниелер шығаруға шабыттандыра түсті. Әлі де ізденіп, Қазақстанда да өте сапалы, жоғары талғамға сай киімдер шығатынын дәлелдеу үшін тер төгеміз. Бұл көрсетілім шетелдік әріптестермен танысып, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді.

Милан (32)

Алғашқы күні конференция өтіп, оған жергілікті дизайнерлер, стилистер, сән индустриясында еңбек етіп жүрген тұлғалар қатысты. Милан қаласының мэрі, Францияның министрі де меймандар арасынан көрінді. Біздің топтама әйелдерге арналған кешкi үлгідегі киімдерден тұрды. Киімдерді тігуге барқыт, шiлтер, жібек матаны тандадық. Өте аз уақыт ішінде дайындалдық. Көрермендердің ықыласы ерекше болды. Топтаманың жартысы бірден сатылып кетті. Парижде өтетін сән көрсетіліміне шақыру алдық, - дейді БҚО дизайнерлер қауымдастығының төрайымы Әсем Сырымова.

Милан (1)

Өңірде дизайнерлер қауымдастығы 2020 жылы құрылған болатын. Ал қауымдастық құрылтайшылары - Меңдібек Нұрғалиев, Гүлфат Карабаллина, Гүлдана Ережепова және Айгүл Жәнібекова. Қазір қауымдастықта 30 жеке кәсіпкер бас қосқан.

Олар «Aqjayq fashion» сән фестивалін және дизайнерлер байқауын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып келеді. Түрлі отандық өнімді дәріптеп, халық арасында кеңінен танылып үлгерді. Қауымдастық құрамында сурет салып, әшекей бұйымдар жасайтын, киім пішіп тігетін, тіпті киіз басатын шеберлер бар. Әртүрлі халықаралық және республикалық форумдарға жолдамалар алып қатысып жүр. Шеберлік сағаттарын да жиі өткізеді.

Динара Насыр

zhaikpress.kz

Милан (19)

Милан (4)

Милан (13)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале