Бүгін жылдағы дәстүрге сай сырымдық оқушылар аудан әкімінің “Наурыз. Қазақстан. Жаңару!” атты мерекелік шарасына қатысып, наурыз қоржын мен домбыраға ие болды.
Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев аудан әкімдігі мен білім беру бөлімі атынан балаларды жаңа жылымыз Наурыз мерекесімен құттықтап, 50 оқушыға тәтті қоржын мен домбыраны табыстады.
Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешеніндегі балаларға арналған Наурыз тойы жылдағыдан ерекше өтті. Оған себеп, ауданның жас көркемөнерпаздарының концертінен бөлек, аудандық балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы ұжымының ұйымдастыруымен арнайы шақырылған 50 бала ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін “асық ату”, “табан тартыс”, “садақ ату”, “бес асық”, “арқан тартыс” ойындары бойынша топқа бөлініп, бақтарын сынады.
Балаларға естелік сыйлықтар мен диплом табысталып, тәтті үстел жайылды.
- Мерекелік көңіл күй сыйлап, түрлі ойындар ұйымдастырған ұйымдастырушыларға, аудан әкімдігіне алғысымыз шексіз. Наурыз мерекесі қарсаңында тәтті қоржын мен домбыра сыйға тартқанына қуаныштымын,- дейді мерекелік шараның қатысушысы Жантөре Айдынұлы.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz