Әдеттегідей, еліміздің ертеңін айқындайтын маңызды саяси науқан, яғни ҚР Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлауда ақжайықтықтардың белсенділігі жоғары. Бұған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының берген мәліметі дәлел. Учаскелердің ашылғанына небары 2 сағат болса да, таңғы сағат 09.00-де аудан электоратының 19 пайызы қалаулыларды таңдап үлгерді. Солардың ішінде жастардың да қатары қалың.
Жайық ауылының тұрғыны, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Николай Варфоломеев осындағы негізгі мектепте орналасқан №27 сайлау учаскесіне келіп, тұңғыш рет өз таңдауын жасады.
– Мен 18-ге толып, елімнің бағыт-бағдарын, болашағын өзім таңдайтын осы күнді асыға күттім. Осы додаға түскен барлық партия, кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын толық зерделеп, ел ертеңі үшін өздеріне артқан ауыр жүкті лайықты көтере біледі деп пайымдағандарға өз дауысымды бердім. Біздің елде, ең бастысы, татулық пен келісім салтанат құрып тұр. Лайым, солай бола берсін, ал біз, жастар, осы тұрақтылықтың іргелі, келешегіміздің жарқын болуы үшін еңбек етеміз, – дейді жас.
Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz