Өткен сенбіде Переметныйда мемлекеттік қызметшілер арасында ашық турнир болып, аудан әкімінің кубогы сарапқа салынды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруды, ауыл спортын дамытуды, волейболға деген көпшіліктің қызығушылығын арттыруды мақсат тұтқан додада БҚО әкімдігі, Ақжайық, Бөкей ордасы, Қазталов, Тасқала және Бәйтерек аудандарының командалары өзара бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов спортшылар мен шақырулы қонақтарға қош келдіңіз айтып, жұртшылықты қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
-Адам ой-санасымен, яғни рухани тұрғыдан ғана емес, физикалық тұрғыдан да жетіліп, дамуы керек. Бұл бағытта спорттың алар орны зор. Ауданымызда спорт саласы жақсы дамып келеді. Соның ішінде волейбол да бар. Жерлестеріміз осынау спорт түрінен айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Бүгінгі жарысқа келген командалар да осал еместігін білеміз. Баршасына сәттілік тілеймін,- деді Марат Лұқпанұлы.
Волейболдан спорт ардагері болып табылатын Темірхан Елубаев мемқызметкерлердің спортты жаны серік етуі, олар үшін түрлі сайыстардың ұйымдастырылуы жақсы үрдіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда ел азаматтарының, соның ішінде мемқызметкерлердің сергек, шымыр, физикалық тұрғыдан мықты болуы маңызды екеніне тоқталды.
Тартысты өткен турнир нәтижесінде БҚО әкімдігі командасы үздік болып, аудан әкімінің кубогін жеңіп алды. Күміс жүлде бөкейордалықтарға бұйырса, қазталовтықтар қоланы қанағат тұтты. Жерлестеріміз төртінші орынға табан тіреді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер және жақсы ойын өрнегін көрсетіп, түрлі аталымдармен марапатталғандар арнайы тағайындалған ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Өз тілшіміз,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz