28.03.2023, 17:30
Оқылды: 85

Қазақстанда балаларға арналған 50 оқу-сауықтыру және 100 ірі ойын-сауық орталығы салынбақ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте оқушыларды мектептен тыс үйірмелермен, оның ішінде жазғы демалыс кезінде қамтуды ұлғайту, сондай-ақ балалардың шығармашылық және зияткерлік дамуына арналған ірі орталықтар салу мәселелері талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

img-9239

Жас ұрпақты тәрбиелеу мен олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, бос уақытын пайдалы және қызықты өткізуге ықпалдасу мектепте берілетін біліммен қатар маңызды саналады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, республикада оқушылардың шығармашылық және зияткерлік дамуына, білім алып, жақсы демалуына, бос уақытын пайдалы өткізуіне арналған нысандар тұрғызу немесе ескілерін реконструкциялау бойынша жұмыстар жанданып жатыр.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде балаларға арналған 218 сауықтыру орталығы жұмыс істейді, олардың 120-сы – мемлекеттік, 98-і – жеке меншік.

2027 жылға дейін барлық облыста заманауи оқу-сауықтыру орталықтары ашылмақ. Олардың ашылуы балаларды қамту көрсеткішін айтарлықтай ұлғайтатын болады. Жазғы орталықтардағы көрсеткіш жыл сайын 25%-ға өседі деп күтілуде (2022 жылы аталған орталықтарда 178 мың бала демалды). Ал жыл бойы жұмыс жасайтын орталықтардағы қамту көрсеткіші 2 есе өседі (2022 жылы 77 мың бала қамтылмақ).

Қаражат жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы бөлінеді және бұл салаға инвесторларды тарту да көзделіп отыр. Балалардың шығармашылық және зияткерлік дамуына арналған 100 нысанның (оқушылар сарайы) құрылысы республикалық бюджет есебінен іске асыралады.

Балалар қосымша біліммен 100% қамтылатын болады. Бұл көрсеткішке ірі қосымша білім беру нысандарын салу арқылы ғана емес, осы мақсаттарға мемлекеттік тапсырысты кезең-кезеңмен ұлғайту арқылы қол жеткізілмек. Сонымен қатар ауыл мектептерінде комьюнити-орталықтар ашу және ескі мектептен тыс ұйымдарды жаңғырту жоспарланып отыр.

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша осы мақсатта Жол картасын бекітіп, жер учаскелерін бөлу шараларын қабылдау туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ қысқа мерзімде балалар сауықтыру орталықтары мен ірі қосымша білім беру объектілерін салу, ескі объектілерді реконструкциялау немесе қайта форматтау үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу міндеттелді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале