3.04.2023, 11:45
Оқылды: 45

Ақжайықтықтарға шаһар төрінен шынайы қошемет

«Туған жерім – тұғырым!» атты облыстық халық шығармашылығы фестивалінің аясында Оралдағы «Атамекен» өнер орталығында Ақжайық ауданы көркемөнерпаздарының концерті өтті. Бұл үлкен шарада облыс әкімі Нариман Төреғалиев, аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, болды.

IMG_7700

Жиналған қалың көпшілік алдымен ауданның тәуелсіздік жылдарындағы бай шежіресінен, еңбек ұжымдарының, жекелеген оқушылардың, жастардың айтулы жетістіктерінен, шығармашылық ізденістерінен тұжырымды баяндайтын көрмемен қызыға танысты. Атап айтсақ, сан алуан жәдігерлермен көздің жауын алған фойедегі көрме ауданның рухани тыныс-тіршілігінен хабар берген кітап бұрышымен басталыпты. Мұнда қойылған өлкенің тарихынан сыр шерткен басылымдар, Жұбан мен Сағынғали, әдебиет әлемінде танымал өзге де жерлес қаламгерлердің жинақтары көз тастаған жанға Жайықтың қос қапталын тең жайлаған ауданның өткені мен бүгінінен талай деректі  еш бүкпесіз баяндағандай. Ал жүннен түрлі бұйым дайындайтын тайпақтық ісмерлердің шеберлігі көрерменін тамсандырды. Осыдан бір жыл бұрын ашылған цехтағы жұмысты шыр айналдырған қыз-келіншектер жүннен өнім жасау технологиясын толық меңгергені көрмедегі әр дүниеден тайға таңба басқандай анық көрінді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша аудандық іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен ашылған цехтың жұмысымен өткен күзде жапондық Акихиса Карагучи танысып, жоғары баға берген болатын. Қазір тайпақтық шеберлердің қолынан шыққан жүн өнімдері аудан, облыс жұртшылығының сұранысына ие.

IMG_7792

Қайсар Сисенғазиев, Данияр Ізбасаров, Досжан Бижанов сынды ақжайықтық суретші-қолөнершілердің туындылары да салт-дәстүріміз, қазақтың ғасырлар қойнауынан бермен тұрмысының қыр-сыры, бабалардың қайраты, кең даламыздың құшағындағы өмір салтанатын айғақтап тұрды. Сонымен қатар аудан орталығы және ауыл-елдімекендерде бой көтеретін кәсіпкерлік нысандардың макеттері де еліміздің барлық атырабы секілді Ақжайықтың да өркендеуіне байланысты мүмкіндіктер аз емес екенін білдіргендей.

«Жұбан елі – жыр әлемі» деп аталған концерт Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, танымал әншілер Р.Кереев, Т.Мусин және А.Әжғалиева орындаған ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев пен сазгер Рахым Жанайысовтың әйгілі «Ақжайық – әсем әнімсің» әнімен ашылды.

IMG_7784

Сахнадан ақжайықтықтардың бұл кеште әлеуметке ерек әсер әкелуге деген талпыныстары әсем ән мен сырлы саздан  бірден-ақ байқалды. Атап айтсақ, «Халықтық» атағы бар аудандық театр режиссері Арман Шыңғалидың тақырып түйінін таба білгенін ақын Бақыт Беделханның «Ұлым, саған айтамын...», «Туған жерім – тұғырым!» және «Елге өсиет» атты үш көрінісін шебер сахналауы әйгіледі. Әке мен ұл арасындағы диалогқа құрылған көріністер алтын жіп тәрізді бар концертті өзінің айналасына әсем өрді десек, артық айтқанымыз емес. Ұлттық сана, ұрпақ сабақтастығы тақырыбында ой салған сахналық қойылым ешкімді бейжай қалдырмағаны сөзсіз: отағасының ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталатынын бозбалаға шегелеп ұғындыруы, перзенттік парызды түгендей, ақылыңды ақшаға билетпей, көненің көзі, дананың өзі болған құндылықтарды қастерлеп, жолбасшылыққа алу жайында әңгімесінен жөні бөлек тағлым ессе, ұлағатты ұғынған ұлдың жан-дүниесінен сұлулық шырағы жарқырады. Диалог қоғамымыздағы рухани ойлау жүйесін, саяси таным-түсінікті шыңдаудың, жалған дүниеге арбалмаудың, дүниетанымдық дағдарысты еңсерудің ауадай қажеттілігін әбден даралап көрсетіп берді. Ең басты сүйенеріміз, сүйінеріміз боп табылатын тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған алыптарымыздың асыл бейнелері, туған жердің тамаша келбеті сахна төріндегі экраннан жаңғырған осы әр көріністің қисынды нүктесі болып алтын бесік атамекен туралы әндер, ғасырлар қойнауынан ата-баба аманатын жеткізген күйлер орындалды.

Қоғамымызды сауықтыру мақсатында бұл таңда іргелі істер қолға алынды. Ал қайсыбір елдегі адамгершілік деңгейді рухани байлық пен мәдениет айқындайды. Кешегі мен бүгінгінің, бүгінгі мен болашақтың сабақтастығы ақжайықтықтарға сөнбес шырақ тәріздес екені осы шарада бек айғақталды. Ата-бабадан қалған асыл мұра жеткілікті, соны бүгінгі ұрпақтың ойына, зердесіне құюды, тасада жүрген таланттарды да көпке танытуды міндетіне алған мәдениет саласы қызметкерлерінің жұмысында бұл айрықша орын алады.  Бұған асыл көрермен осы кеште және бір көз жеткізді. Республикалық ән байқауларының лауреаттары Бақтияр мен Мадияр Мұхамбетов, «Кәусар» вокалды тобы, Алтынбек Базаров, Венера Нұрғалиева, Әнуар Нұрғалиев, Айнамкөз Серікқалиқызы, Алтынбек Елешов, Дәурен Ғилмановтардың  Жұбан елінің бағына біткен шамшырақтар екенін көрерменнің ыстық ықыласынан-ақ көруге болады.

IMG_7836

«Көктем вальсын» «Назқоңыр» ұлт аспаптар ансамблінің сүйемелдеуінде тамылжыта әуелеткен, осы секілді шетелдік күрделі туындыларды орындауымен шартараптағы өнерсүйер қауымға танылған Эльмира Ермекке, атырабымыз лайықты түрде мақтан тұтатын дәстүрлі әншілер Данияр Елеуов,  Күләш Қуанышқалиева, Гүлжамал Қайбалиева және Дәурен Орашқа да лық толы зал зор қошеметпен қол соқты.

Осыдан тура он жыл бұрын аудан орталығында дүниеге келген «Радуга» славян-мәдени орталығы да Ақжайықтың рухани тынысына тың леп үстеді. Айта кетер болсақ, Ақжайық ауданында 21 ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешуде. Ауданда тұрақтылық пен келісімнің сақталуында славян ұлттарының басын біріктірген осы орталықтың орны бөлек. Бұл жолы оның «Раздолье» хор ұжымы халыққа сонау кезден бері сүйікті «Субботея», «Утушка луговая», «Я люблю тебя, жизнь» әндерімен кеш көркін тіпті асырды.

Ал тоғыз жолдың торабындағы Ақжайықтың өнерімен өрге жүзгендері жайында сөз болса, ең алдымен балғын таланттар ауызға алынады. Өйткені, бүгінгіні болашаққа апаратын – осы өрімдер. Міне, осы концертте «Ай-дарын» би тобы, Үлгілі «Сымбат» би ансамблі өз аттарының алысқа танымал екендігі тектен тек емесін тағы әйгіледі. Басқа да балауса әншілер таза бұлақ, тұнық бастаудан тарайтынын танытты.

Концерт мәреленген соң, ақжайықтық көркемөнерпаздар облыс әкімінен ықылас гүлімен қошеметтелді.

WhatsApp Image 2023-04-03 at 12.38.48

«Атамекен» төрінен өңір басшысы Нариман Төреғалиев сөз сөйледі. Ол жуырда шеру тартқан облыстық халық шығармашылығы фестивалінің туған жерге деген махаббатты адам бойына дарыту мақсатын көздейтінін, Жайық жұртшылығы өнерді аса ерекше қастерлейтіні республикаға мәлім екенін атап көрсетті. Мәдениет саласына серпіліс әкелу мақсатында мемлекет қамқорлығы туралы айта келіп, облыс басшысы осы концерттің табысты өткеніне қуанышын жасырмады.

– Елді, халықты бағалау, ата-бабаларымыз аманаты боп қалған жерді бағалау, тарих, дін, дәстүрімізді құрметтеуге байланысты бұл кеш әркімге терең ой салғаны сөзсіз. Жас ұрпаққа руханиятымызды жеткізуге тиіспіз. Мына бүлдіршіндердің өнері қандай ғанибет. Оларды астанамыз сахнасынан да көрейік, – деген Нариман Төреғалиұлы аудан әкімі Қ.Ш.Айтмұхамбетов бастаған ұйымдастырушыларға, зор ықылас-ілтипат көрсеткен көрерменге зор алғысын арнады.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Әлия ШАРАПИЕВА

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале