Декреттік демалыста отырып та ақша табуға болады. Бастысы ниет болса болғаны. Бүгінде әлеуметтік желіден көп еститін бұл сөздердің текке айтылмайтына қызылталдық Зоя Жұмашева бірден-бір дәлел. Төртінші сәбиі көрінгеннен кейін, үйде бос отырғысы келмеген Зоя жанашыр жақындарының қолдауымен үлкен істі бастап кетті. Бүгінде табысы тұрақты. Әрі пайдалы. Кейіпкеріміз ашытқысыз нан пісіруді қолға алған еді. Тек ашықтысыз нан пісіріп қана қоймай, балалар сүйіп жейтін балкүлшелер пісіреді.
- Негізгі мамандығым математика пәнінің мұғалімі. Ақсай қаласының №7 мектебінде жұмыс жасаймын. Қазіргі уақытта декреттік демалыстамын. Бүгінде төрт баланың анасымын. Төртінші баламды босанғаннан кейін үйде бос отырмайын деп түрлі онлайн курстарға қатысып, білім алып бастадым. Бір іспен айналыссам, жалпы табыс көзін табу керек деген ой болды. Жолдасым әрдайым қолдап жүреді. Бір күні Түркиядан арзан сумка алып сатсам ба екен деп ойлап, ол істі де бастап көрдім. Бірақ кәсібім жүрмеді. Кедергілер көп болды. Анау айтқандай табыс таба алмадым. Содан 2021 жылдың күзінде әлеуметтік желі арқылы 1 мың теңге тұратын марафонға қатыстым. Сөйтіп, кәсібімді таптым, - дейді кейіпкер.
Зоя сол 1 мың теңгелік марафоннан өзінің ес білгелі әр үйде пісірілетін қарапайым нан өнімдерін сатудан кәсіп ашуға болатындығын ұққан.
- Нан күнделікті тұтынатын тағам. Сондықтан нанға ешқашан сұраныс тоқтамайтынын түсіндім. Дегенмен көпшілікке зияны аз болатын, ағзамызға пайдалы тағам түрін ұсынғым келді. Өйткені, қазір көп адам ашытқымен пісірілген нанды тұтына бермейді. Сөйтіп, ашытқысыз нан пісіріп үйрендім. Үйреніп қана қоймай, үйден пісіріп, сата бастадым. Қазір закваскамен піскен нан, оның ішінде тартин, бөлке, батон, бауырсақ, дайын қамырға тапсырыс қабылдаймын. Алдымен өз үйімде пісіріп жүрдім. Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы ғой. Соны пайдаланып өзім пісірген өнімдермен жарнама жасай бастадым. Әуелі таныстарым, кейін олардың таныстары нанымды ала бастады. Сөйтіп тұрақты тұтынушыларым пайда болды, - дейді Зоя.
Наубайханашының тұрақты клиенттері бар, күнделікті тауып отырған табысы жақсы. Осымен тоқтаса болар еді. Дегенмен өз ісіне мығым, жауапкершілігі зор Зоя білімін жетілідіріп, нан өнімдерінің басқа да түрлерін шығару мақсатында тағы да ізденеді. Сөйтіп, сұрастыра келе, тағы да арнайы курс сатып алып, бұл жолы Астананың төрінен бір-ақ шығады.
- Өткен жылы Алланың жәрдемімен, жолдасым мен енемнің қолдауымен емізулі, жасқа толмаған қызым мен үлкен ұлымды алып Астана қаласында өткен оқуға барып, білімімді жетілдіріп келдім. Жаңадан зерттей бастаған саламда менің білетінім аз екендігін осы курста білдім. Кейін ауылға келіп үйде нанның түр-түрін пісірдім. Пісірген өнімдерім отбасыма ұнағаннан кейін тағы да инстаграмға жүктеп, көпшілікке өнімдерімді таныстырдым, - деп атап өтті Зоя.
Наубайханашы бүгінде ашытқы қосылған кірпіш нан, ашытқысыз нанның бірнеше түрін, тәтті дәмді тоқаштар, оқушылар тұтынатын түрлі бөлке нандар пісіреді. Ең бастысы дайындалатын нан өнімдері химиясыз, табиғи таза өнімнен жасалады.
Зояның наубайшы екенін отбасы да мақтан етеді. Өмірлік жары да, балалары да оның халыққа тек қуаныш сыйлайтынына дән риза.
- Отбасым менің жұмысымда жоғары бағалайды. Балаларым жүрген жерлерінде «анамыз халыққа бақыт, қуаныш сыйлайды. Ол тәтті нан пісіреді», - деп үнемі айтып жүреді. Мен ешқашан өз жұмысымнан шаршаған емеспін. Өйткені, жұмысымды жақсы көремін. Алдағы уақытта да қала тұрғындары үшін тәтті де пайдалы нан бұйымдарын пісіретін боламын, - дейді ол.
Айтпақшы, Зояның нандары тек Қызылтал ауылының тұрғындары арасында емес, Ақсай қаласының тұрғындары мен қонақтары арасында да жоғары сұранысқа ие. Әзірше тек жолдасының көмегімен шағын цех ашып отырған оның болашақта мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаражат алып, кәсібін дөңгелеткісі келеді.
- 2022 жылдың қараша айында жолдасым 1 млн теңге беріп, керекті құрал-жабдықтар мен шикізат алып, арендаға орын алып кәсібімді бастап кеткен едім. Отбасымның қолдауы мені қанаттандырды, өз өзіме сенімділігім артты. Қолымнан іс келетінін алдымен өзіме дәлелдей алдым. Дегенмен арманым үлкен цех ашу. Мен сияқты кәсіп бастағысы келетін жандарға Үкіметтен берілетін грант бар екен деп естідім. Бизнес - жоспар құрып, өткен жылдың көктемінде сол байқауға қатысып та көрдім. Нәтиже болмады. Әлі де қатысып, грант ұтып алғым келеді. Сөйтіп, қосымша жұмыс орнын ашсам ба деймін, - дейді ол.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz