4.04.2023, 19:42
Оқылды: 57

«Сақалды» құрылыстар сынға ілінді

Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Теректі ауданына келді. Өңір басшысын Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев қарсы алып, аудан аумағында атқарылып жатырған бірқатар жұмыстармен таныстырды.

IMG-20230404-WA0038

IMG-20230404-WA0041

Ең алдымен, олар Подстепный ауылдық округіне қарасты Тоқпай ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатырған тұрғын үйлерді аралады. Тоқпай ауылында 3 қабатты 20 тұрғын үй салу 2020 жылы басталып, жоспар бойынша 2021 жылы аяқталуы тиіс еді. Десек те, үйлер әлі тапсырылған жоқ.

Облыс әкімі өткен аптада келіп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жинағы бар азаматтарға арнап салынып жатырған  үйлердің құрылысы тоқтау себебін анықтап, тапсырма берген болатын. Содан бері де ол тапсырмалар әлі орындалмаған. Осы жерде қатаң сын айтқан облыс әкімі бір ай ішінде үйді толық бітірмеген жағдайда мердігер компанияны  заң аясында жауапқа шақыратынын ескертті.

IMG-20230404-WA0044

Одан кейін Нариман Төреғалиұлы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Пойма ауылында салынып жатырған мектеп құрылысына барды. Қазіргі таңда 108 орындық мектеп ғимаратын салу басталып кетті. Құрылысқа жауапты мердігер – «КА-Строй ЛТД» ЖШС. Өткен жылы тамыз айында басталған әлеуметтік нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мердігер компания өкілдері құрылысты биыл тамыз айында аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

IMG-20230404-WA0047

Соңғы нысан - аудан орталығында жылда көтеріліп, қарқынды жұмыс ала алмай келе жатқан “сақалды” емхана құрылысы. 2021 жылы басталған 200 орындық жаңа емхана құрылысын мердігер «Ондасын Строй» ЖШС салып жатыр. Жалпы жоба құны - 1803,7 млн теңге.

IMG-20230404-WA0050

-Емхана құрылысын тезірек аяқтауды тапсырамын. Күзге дейін уақыттарыңыз бар, одан соң ауа райына байланысты құрылыс қайта тоқтап қалады. Осылай жүре беретін болсаңыздар құрылысты қашан аяқтап боласыздар? Қажетті қаражатты есептеп, қар түскенше төбесін жауып қою қажет,- деп бұл нысан мердігеріне де тапсырмалар жүктеді.

IMG-20230404-WA0045

Аудандағы басты құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев тек сын-ескертпелер жасады. Сол сыннан нәжиже шығаруды аудан әкімі Тілек Александрұлына жүктеді.

 

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале