Ел астанасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Рамазан айының алғашқы он күнін қорытындылауға арналған Орталық аппарат жиналысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға наиб мүфтилер, Бас мүфти кеңесшілері, Діни басқарманың бөлім меңгерушілері мен мамандары сондай-ақ онлайн режимде облыс, республикалық маңызы бар қалалардың бас имамдары қатысты.
«Көзді ашып-жұмғанша Рамазан айының алғашқы он күні өтті. Алла Тағаланың мейірімінен үміт етіп, Хаққа да, халыққа да қызмет етіп жатқан имамдарымызға, барша дін қызметкеріне алғысымды білдіремін. Жаббар Иеміз ісімізге жеңілдік пен береке беріп, Рамазан айынан рухани азықтанып шығуды баршамызға нәсіп етсін. Сауаптар еселеніп жазылатын ораза уақытында жоспарлаған игі істерімізді ойдағыдай атқарып шығуға тілектеспін», деді ҚМДБ Төрағасы.
Жиын барысында бөлім меңгерушілері баяндама жасап, алғашқы он күнде атқарылған жұмыстар жайлы сөз қозғады. Мәселен, еліміздің 697 мешітінде күнделікті 101 170 адамға ауызашар берілсе, 640 мешіттегі тарауық намазында Құран хатым оқылуда.
Күнделікті тарауық намазынан бұрын «Құран аяттарының хикметі» тақырыбында жамағатқа уағыз айтылып жатыр. Сондай-ақ 934 мешітте «Намаз оқып үйренейік» және «1 айда Құранға түс» дәрістері Рамазан айы бойы жүргізілмек.
Айта кетсек, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 2 дін қызметкеріне және 8 көпбалалы отбасыға, барлығы 10 баспананың кілті табысталды.
Сондай-ақ «Рамазан тәттісі» жобасы барысында 4 089 балаға тәттілер мен ойыншықтар таратылды.