6.04.2023, 15:46
Оқылды: 53

242 қарыз алушы 28 млн. теңгені қайтармай жүр

Биыл Бәйтерек ауданы аумағына 4100 түп көшет пен олардың айналасына 25000 түп тал егу көзделген. Сондай-ақ  өтемдік негізде аудан көлемінде 45 760 түп көшет отырғызуды қолға алынбақшы. Бұл туралы аудандық қоғамдық кеңес отырысында айтылды.

IMG-20230406-WA0058

Аудан әкімі Марат Тоқжанов, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлыбек Хайруллин және ардагерлер мен әйелдер кеңестері мүшелерінің қатысуымен өткен жиынның күн тәртібіне үш мәселе шығарылды.

Біріншісі, қоғамдық кеңестің 2023 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес ауданды абаттандыру мен көгалдандыру, екіншісі аудандық экономика мен қаржы бөлімінің мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша жұмысы және үшіншісі Зеленов ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 28 наурыздағы №210 «Бәйтерек ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің және жергілікті бюджеттен қаржыланатын аудандық атқарушы органдардың «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізу ұсынысы қаралды. Отырысқа ауылдық округ әкімдері онлайн негізде қатысты.

IMG-20230406-WA0057

Бірінші мәселе бойынша сөз алған аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Аслан Даубаев баяндамасында абаттандыру бағытта атқарылып жатқан жұмыстар легімен таныстырды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, мәселе егілген көшеттердің жайқалып, өсуінде болып тұр. Өйткені, ауыл ішінде қараусыз жүрген мал ұжымдық еңбек пен бөлінген қаражатты зая кетіріп жатыр. Сондай-ақ, биыл аудан бойынша күні бүгінге дейін үш сенбілік ұйымдастырылып, оған 1418 адам мен 46 дана техника жұмылдырылған. Ауылдардан 222,8 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған. Жыл сайын жыры бітпейтін тазалық мәселесіне қатысты аудан басшысы округ әкімдеріне мобильді топ құрып, халыққа түсіндіруді жүктеген. Көң мен қоқысты араластырмауды, нәтиже шығармаған тұрғындарға айыппұл салуды   тапсырған. Ауыл әкімдері су сіңіп, жер кепкесін бұл іске қарқын қосатындарын жеткізді.

Екінші мәселеге қатысты сөз алған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Туксамбаев «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде берілген бюджет қаражатын борышкерлердің қайтаруы жауапсыздыққа ұласқанын айтады. Бүгінгі таңда 242 қарыз алушының мойнындағы берешегі 28,0 млн. теңгені құрайды. Қарыздар тұлғалардың басым бөлігін білім беру саласының мамандары. Бүгінде олардың борышы 10 млн. теңгеден асқан. Ай сайын қарыз алушылардың жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша хаттар жіберіліп жүр. Бірақ нәтиже аз. Ендігі кезекте бұл жауапсыздықты сот тәртібімен жүгендеу қарастырылуда.

Үшінші мәселеге қатысты аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыр аталмыш қаулыға енгізілетін өзгерістер 11 сәуір күні әкімдік сайтына жарияланып, сілтемесі кеңес мүшелеріне жолданатынын хабарлады.

Түгел танысып шығып, кейінгі басқосу барысында талқылау мен ұсыныс-пікірлер ортаға салынатынын айтты.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале