6.04.2023, 16:00
Оқылды: 43

Теректі ауданындағы мектепке жаңа автобус берілді

Мектеп оқушыларын тасымалдауды сапалы ұйымдастыру және автокөліктерді жаңарту мақсатында аудандағы бірқатар білім ордаcына автобус берілуде. Бұл туралы Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Максим Энгелов бүй дейді:

— Балаларды қауіпсіз тасымалдау —  біздің бақылауымыздағы маңызды сұрақтардың бірі және біз осы мәселені үнемі назарға ұстаймыз. Ең бастысы балаларымызға қауіпсіз, жайлы автобустармен қатынауға жағдай жасау міндетіміз. Ауылдардағы мектеп автобустарын кезең-кезеңімен жаңартамыз. Қазірдің өзінде бірнеше ауылға  жеткізіліп, таратылып жатыр.  Мәселен, өткенде Федоров, Ақсуат, Подстепныйға, ал жақында Ақжайық, Шаған, Приречный, Госплемстанция  мектептеріне автобус берілді. Алдағы уақытта бұл игі іс жалғасын табады, — дейді  ауданның бас ұстазы.

9b00fc0e-97e6-4073-aa3f-e7fa5f133864

Сонымен су жаңа автобус алған Госплемстанция жалпы орта білім беретін мектебінің ұжымы қуанышты жаңалықпен бөлісті.

— Автобус барлық заманауи талаптарға сай. Қауіпсіздік белдіктері, оқушы сөмкесіне арналған сөрелері бар. Есік ашық кезде қозғалысты тежейтін механизмі де қарастырылған. Бақылау бейне құрылғыларымен жабдықталған , мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы көтергіштер бар. Одан бөлек, 60 км/сағ жылдамдықты шектегішпен жабдықталған. Балалардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген, — дейді аталмыш мектептің директоры Гүлдариға Амандыкова.

Айта кетейік,  бүгінгі таңда бұл алтын ұяда 112 бала білім нәрімен сусындауда. Оның 42-сі Барбастау ауылынан қатынап оқиды.

 

 Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале