12.04.2023, 11:16
Оқылды: 48

Жас кәсіпкерлерге қолдау бар

 

2019 жылы «Жастар жылын» қорытындылаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылға дейін жас бизнесмендер санын 30 мыңға дейін көбейту міндетін қойған болатын.

IMG-20230411-WA0042

Бұған дейін де жастарға ел болашағы ретінде қарап, қамқорлық танытып отырған елімізде жастар бастамасына қолдау көрсету жаңа үдемелі қарқын алды. Биыл да жастар үшін, әсіресе, өз ісін бастауға ұмтылған жастар үшін мол мүмкіндік бар.

2023 жылдың 1 наурызынан бастап кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық 2,5% жеңілдікті микрокредиттер беруге құжаттар  қабылдау басталды.

Микрокредиттер 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін, бес жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың жасы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген кезде ескеріледі.

Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылдан (кез келген мақсатқа) 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін) болуы мүмкін.

Номиналды жылдық сыйақы мөлшерлемесі  2,5%-дан аспайды. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі. Ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кредитті кепілмен қамтамасыз ету - міндетті шарт. Кепіл ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және тағы басқа) тартуға болады.

Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.

Қажетті құжаттар тізімі:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат;
  2. Жоба бойынша бизнес-жоспар;
  3. Шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама;
  4. Кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттері болса);
  5. Қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;
  6. Кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;
  7. Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі. Оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.

Осылайша, микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, қоғамдық маңызы бар, өміршең болуы тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады. Кәсіп ашып, аяғыма нық тұрамын деген жастар, жақсы мүмкіндікті пайдаланыңыздар.

Арайлым Тасенова,

Теректі ауданының әлеуметтік бағдарламалар

және жұмыспен қамту бөлімі басшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале