12.04.2023, 17:45
Оқылды: 12

«Princess of Karatobe» байқауы мәреге жетті

Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен кішкентай хай ханшайымдар арасында «Princess of Karatobe» байқауы өтті. Өнерлі де білімді ханшайымдар арасындағы сайысқа барлық ауылдық округтерден 12 үміткер қатысып бақтарын сынады.

Ханшайым (3)

Үлгілі сабақ үлгерімдерімен мектептерінің, тәрбиелілігімен ата-аналарының мақтаныштарына айналған ханшайымдар арасындағы өнер байқауы тартысты өтті.

Алдымен байқау шартына сай әр ауылдан келген бүлдіршіндер «Дәстүрлі таныстыру бөлімі» кезеңінде өздерін таныстырды. Келген ауылдарын, жанұяларын, мектептерін ЛЭД-экран арқылы бейнебаян түрінде таныстырған бүлдіршіндер шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.

Ханшайым (6)

Байқаудың келесі кезеңінде бүлдіршіндер өнерлерін көрсетіп көрермен тарапынан ерекше қолдауға ие болды. Сайыстың нағыз тартысты кезеңіне айналған өнер сайысында әр ауылдан келген кішкентай ханшайымдар үнді, қазақ, өзбек, «Аққу», «Күйшашу» билерін билесе, Сулыкөлден келген Аяла Файзолла «Бүркіт» биін нақышына келтіре биледі. Егіндікөл ауылынан келген Камила Ерболқызы «Салкүрең», «Нәр ағашы» күлерін орындаса, Ақтайсай ауылынан келген Айару Теңелбай «Жетім қыздың монологын» оқып, көрермендерін бір толқытты.

Ханшайымдар сайысын қорытындылаған «Сән үлгісі» кезеңінде қатысушы бүлдіршіндер түрлі материалдардан тігілген сәнді көйлектерін киіп, қазылар алқасының жоғарғы бағаларына ие болды.

Ханшайым (16)

Қазылар алқасының шешіміне орай байқауда ерекше өнер көрсеткен сулыкөлдік Аяла Файзолла «Princess of Karatobe» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Кішкене ханшайымдар арасындағы сайыста Қаратөбе мектеп-гимназиясының атынан қатысқан Дария Сағызбай жүлделі І орынды иемденсе, Төлен ауылынан келген Зарина Хайруллаға ІІ орын бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Шөптікөл ауылынан қатысқан Кәусар Сападиярова иеленсе, «Көрермен көзайымы» аталымымен Ақтайсай ауылынан келген Айару Теңелбай марапатталды.

Ханшайым (21)

Байқауға қатысқан қалған кішкентай ханшайымдарға алғысхаттар және барлығына да ақшалай сыйлықтар табысталды.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале