12.04.2023, 19:44
Оқылды: 49

Жастар несие алуға да, әскерге баруға да құлықсыз

"19 жігітімізге іздеу жарияланды". Бұл туралы Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен өткен жиында белгілі болды. Ағымдағы басты мәселенің бірі де, бірегейі де - көктемгі әскерге шақырылым жоспарының орындалмауы.

WhatsApp Image 2023-04-12 at 17.34.39

Бұл туралы кеңесте де, басқа отырыстарда айтылып жүр. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Мақсот Құрамшиннің айтуынша, аудан бойынша Отан алдындағы әскери міндетін өтейтін жастағы 75 жігітіміз есепке алынған. Бірақ ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге осы жетпіс бестің жетеуі шықпай отыр екен.
− Әскерге шақырылушы 75 жігіттің тек екеуі ғана іріктеуден өтіп, зерделенуге жіберілді. Сол екеудің біреуі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметіне шақырылып, екіншісі денсаулығына байланысты кейінге қалдырылды. Бір шақырылушымыз полиграфтан өтпесе, қалған 72 әскерге шақырылушы азаматтар ҚР ҰҚК ШҚ талаптарына сай келмей шықты, − дейді.
Белгіленген жоспар неге орындалмай отыр? Тек әскерге шақырылушыларды кінәлай беруге болмас. Медальдың екінші жағы бар демекші, бұған да себеп көп. Таратып айтсақ, жігіттеріміз дәрігерлік байқаудан өтуге облыс орталығына жіберіледі. Ал онда кейбір мамандардың қабылдауына кіру ақылы. Бұл жұмыссыз жүрген жігіттердің қалтасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Қаражат жоқтығынан дәрігерлік тексерістен аяғына дейін өтпейді. Немесе дәрігер алдына барып, әскери міндетін өтеуге жарамсыз деп танылып келеді.

WhatsApp Image 2023-04-12 at 17.34.38
Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің базасы жаңартылмаған. Есепте он шақты жыл бұрын Астанаға, басқа қалаға көшіп кеткен отбасының балалары да, марқұм боп кеткендер де, студенттер де жүр. Бұл тұрғыда осы қызметті атқарып отырған мамандардың ыждағаттылығы мен жауапкершілігі керек-ақ.
Немесе жастарымыз ауданнан есептен шықпай тұрып, қалада, не басқа аудандарда жүрген жерінен әскерге алынып кетіп жатыр. Құрамшин мырзаның айтуынша, аталмыш науқанда "бала ұрлау" жайттары жиі орын алып тұрады екен.
− Әскерге баратын жастағы балалардың ата-аналары да біздің жұмысымызды қиындататын кездері бар. "Балам қалада оқып жатыр", не "Пәлен деген жерде жұмыс жасап жатыр" дейді де, мекенжайын дұрыс бермейді. Оқып жатса, оқу орнынан анықтама алып, әскерге бару уақытын кейінге қалдыруына болады емес пе? Мекенжайын дұрыс бермей, біздің қызметкерлерімізді сандалтып қояды. Бір әскерге шақырылушының артынан бір қызметкер жүруге мәжбүр, − деп қынжылыс білдірді баяндамашы.
Қош, сонымен әскери борышын өтеуден жалтарған 19 бөкейлік іздеуге алынған. Іздеу жарияланғандар саны бастапқыда 27 болған екен, ауылдық округ әкімдігі қызметкерлерінің көмегімен, полицийлердің ықпалдастығымен сегізі табылыпты.
Аталмыш мәселені қорытындылаған аудан басшысы мектептерде патриоттық тәрбие беру іс-шараларын жетілдіруді, Отан алдындағы әскери борышын өтеу туралы балаға жастайынан құлағына сіңісті ғып өсіру керектігін, әскерге шақырылушыларға ұсынылып жатқан жеңілдіктер мен әскери міндетін өтеуден бой тасалағандарға қолданылатын тәртіптік жаза туралы кеңінен насихаттауды тапсырды.

WhatsApp Image 2023-04-12 at 16.31.59 (2)
Кредитке құлшыныс жоқ
Үкіметтің ауылдың әлеуетін арттыруда бір емес, бірқатар бағдарламаны қолға алып жатқаны бәріне де белгілі. Өз кәсібімді бастаймын дегендерге қайтарымсыз грант ұсынылып, ынталы жастарды қолдауда микрокредиттер де қарастырылған. Неге екенін қайдам, ауыл жастары осы микрокредит алуға да аса құлшынып отырған жоқ.
− "Бастау бизнес" жобасы бойынша 52 ауылдасымыз кәсіпкерліктің алғышарттарымен танысып, курстан өтті. Мемлекеттік грант алуға 21 үміткеріміздің бизнес-жоспары жолданып, соның алтауы мақұлданды. Ал, жастарымызға қолдауға 60 миллиион теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаржы бұйыртса, 12 жасқа берілмекші. Бірақ осы қомақты қаржыны алып, өз кәсібін бастауға ынта танытып отырған жастарымыздың қарасы аз. Қазіргі уақытта микрокредитке үш адам құжат жинап отыр. Таратып айтсам, екі сайқындық, бір саралжындық азамат өтініш білдірді, − деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Ерболат Сержанов.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале