13.04.2023, 13:00
Оқылды: 50

Облыстық-аймақтық «Ғұмар оқулары» өтті

Борсы ауылдық округінде аудан әкімдігі және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен облыстық-аймақтық «Ғұмар оқулары» өтті.

d41f06d5-13df-4467-b412-dbc0589fe921

Байқаудың мақсаты – оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, Алаш қайраткерлерінің сіңірген еңбегін насихаттай отырып, ақын, ойшыл, ұлт зиялысы Ғұмар Қараштың мұрасын мұқым елге жеткізу болды.
Сайысқа келген оқушылар, жетекшілер мен арнайы қонақтар баба кесенесінен айналып өте алмады. Ең бірінші рухына тағзым жасап, құран бағыштады.

d88976fe-496f-42f4-a584-7c2a1761f481

Ақынның өмірбаянымен таныстырып, өлшеусіз еңбегін мүдірместен баяндаған мектеп ұстаздары мен мәдениет қызметкерлері жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Шабыттанған аудан басшыларынан бастап қатысушылар мен меймандар кесене ауласына ағаш отырғызды. Әр теректің жанындағы белгілерді көріп көз сүйсінеді. Қайраткердің рухы бүгін жырмен тербелсе, ертең жасыл желекпен жайқалады. Содаң соң аталмыш шара Ғ. Қараш атындағы мектепте жалғасын тапты. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, оқушылар ақын өлеңдерінен үзінді оқып, арнауларын тарту етті. Еңбектері мен мұралары жинақталған бөлімде ұстаздар мен оқушылар бірлесе отырып, алтыннан да бағалы атқарған істеріне кеңірек тоқталды. Мектептен бастау алған игі іс мәдениет үйіндегі көптен күткен байқауға ұласты. Алғаш болып құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев үміткерлерге сәттілік тілеп, бүгнгі күннің маңызын нақтылай түсті.

Сахна шымылдығы Ғұмар бабамыздың өмірімен өрнектелген көрініспен ашылды. Аудандық мәдениет жанашырлары, халықтық театрдан құралған актерлер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жас ақын әрі қазылар алқасының мүшесі Ақтілек Әлібекұлы ақынға арнаған арнауын оқыды.

Жырдан шашу шашылып басталған байқау екі кезеңнен тұрды. Бірі ақынның отыз өлеңің жатқа айту болса, екінші кезеңде өз туындыларын, яғни, арнау өлеңдерін оқыды. Екі кезеңге қара қылды қақ жарып, әділ бағасын беретін қазылар алқасының төрағасы «Ғұмар оқуларының» авторы, облыстық Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің басшысы Ахмедияр Батырханов, мүшелері Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі басқарма бөлімінің басшысы Светлана Ғаниева, облыстық халық шығармашылық орталығының ақпарат және жарнама бөлімінің редакторы Нұрлан Сәдір, БҚО өлкетану музейінің Жәнібек аудандық филиалының директоры Меңдігүл Фазылова және аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, жас ақын Ақтілек Әлібекұлы болды.

5062618c-1824-4aab-ad2b-6a39c5d2d158

Қаратөбе, Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарының намысын қорғаған он алты қатысушыдан алғашқы кезең бойынша жүлделі ІІІ орынды Т. Жароков атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Балғынбек Өктешов еншілесе, ІІ орынды Ғ. Қараш атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Бек Максим жеңіп алса, І орынды Тегісшіл негізгі орта мектебінің оқушысы Ермұхан Ерболат, бас бәйгені Қаратөбе ауданы, Шөптікөл мектебінің оқушысы Аруна Тілекқайыр қанжығасына байлады.

Өз шығармашылықтарын рухты ақынға арнаған жас талаптар сынға түскен кезеңде ІІІ орынға Ғ. Қараш атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Нұрлы Сабырғали, ІІ орынға Тегісшіл негізгі орта мектебінің оқушысы Дәурен Садиев, І орынға Ө. Сахипов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Мұрат Сабина лайық деп танылып, бас жүлде Бөкей Орда ауданы, Б. Жәнекешов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Ғабдолла Айзатқа бұйырды. Барлық қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Тегісшіл негізгі орта мектебінің ұстаздары шәкірттеріне демеушілік көрсетті.

Байқау соңында әділ-қазылар алқасы өз ұсыныстарын айтып, пікір білдірді.

Оралхан Өтеғалиев,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале