Жуырда «Жас мамандар слёті» педагогикалық фристайлінің ІІ шақырылымы аясында «Ақжелкен» және «Назерке» бөбекжайларында облыстық семинар-практикум өтті.
Жас педагогтардың іс-тәжірибе бөлісуі үшін ұйымдастырылған «Ойын - мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудағы басты құрал» тақырыбындағы шараға облыс бойынша аудандық білім беру бөлімдерінің әдіскерлері мен мектепке дейінгі ұйымның жас әдіскерлері қатысты.
«Ақжелкен» бөбекжайының психологі Г.Қапашева «Жақсы көңіл - жан азығы» тренингін өткізіп, «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен ойнай отырып дамыту» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. Оған қоса, бөбекжай тәрбиешілері, саз жетекшісі, дене шынықтыру нұсқаушысы да шеберлік сыныптарын көрсетті. Мектепалды сынып тәрбиешілері де тыс қалмай, «KIDS clever» ақылды балалар тәрбиелеудегі заманауи ойын түрлерімен таныстырды.
Білім беруді дамыту орталығының әдіскерлері Д.Қодашева мен С.Сиражева «COLLABORATION» мобильді топтар жобасының ұйымдастырылуына тоқталды. Мектепке дейінгі тәрбиелеу-білім беру жүйесіндегі әртүрлі өзекті мәселелер сөз болып, шешу жолдары талқыланды.
Теректі жерінің ерекше жәдігері – «Тақсай ханшайымы» кесенесі басында Чапаев ЖОББМ тарих пәнінің мұғалімі М.Қажмұқанов ежелгі сарматтар мен «Алтын ханшайым» туралы майын тамызып әңгімеледі.
«Назерке» бөбекжайында жалғасын тапқан семинардың қатысушыларын Долин селолық округінің әкімі Т.Манатауов қарсылап, жас мамандарға шығармашылық табыс тіледі.
Бөбекжай бүлдіршіндері ән-билерімен әр берген семинарда педагогтер шеберлік сыныптар көрсетіп, жас әдіскерлерге «Үренейік, ізденейік жас маман!» КТА ойыны ұйымдастырылды. Қызықты да көңілді шара аяғында жеңімпаздар марапатталды.
Семинар соңында қатсушылар өз ой-пікірлерін білдіріп, практикумның жұмысын оң бағалады.
А. Нұрмұхаева,
Теректі ауданының білім беру бөлімінің әдіскері