20.04.2023, 9:30
Оқылды: 23

Ақшаттағы наубайхана

Шыңғырлау ауданына қарасты Ақшат ауылындағы наубайханада нан 90 теңгеден сатылуда.

ddcb14c7-1b8e-4b53-8663-3e284263ed9b
Кәсіпкер Сырым Жолдығұлов былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысқан. Жобасын сәтті қорғаған ол бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін 1,2 млн теңгеден астам грантқа қол жеткізіпті. Жаз мезгілінде наубайхананың құрылысын бастап, қажет құрал-жабдықтар сатып алған.
– Бизнес ашамын деген жандарға жыл санап мемлекеттік қолдау күшейіп келеді. Өзім осындай көмектің арқасында қаңтар айында наубайхана аштым. Облыстағы тұрақтандыру қорынан І сұрыпты ұн аламыз. Тәулігіне 100-150 нан пісіріп, 90 теңгеден сатамыз. Ол үшін күніне 50 келілік бір қап ұн кетеді. Кейде мектеп пен балабақшаның тапсырысы бойынша да нан пісіреміз. Алдағы уақытта бөлке нан, тоқаштар пісіріп, өнім түрлерін көбейткім келеді. Кәсібімді кеңейтіп, ауылдастарыма тағы да жұмыс орындарын ашсам деймін. Көрші ауылдарға нан жеткізіп отыру жағын қарастырудамыз. Ауылда менен басқа тағы екі кәсіпкердің наубайханасы бар. Бірақ бұл біздің жұмысымызға кедергі емес. Қайта осы саладағы кәсіптің жанданып, дамуына оң серпін береді, – деді Сырым Азаматұлы. Қазір наубайханада ақшаттық үш тұрғын жұмыс істеп жүр.
Кәсіпкер екі жыл бұрын азық-түлік пен шаруашылық заттарын сататын «Qareket» супермаркетін ашқан екен. Онда ішімдік пен темекі өнімдері мүлде сатылмайды. «Мен Ақшатта туып-өстім. Біздің бала кезімізде ауылда мұндай наубайхана болған жоқ. Кәсіп ашу да таңсық еді. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек-қолдауды тиімді пайдаланып көргім келді. Бизнеспен айналысуды алдыма мақсат етіп қойдым. Ынта-ықыласы бар әр адам өз кәсібін жүргізе алады», – деді кәсіпкер.

Наубайшы Ырысбике Дәулетова өздері пісіретін нанға сұраныс зор екенін айтты. Ол ауылда жұмыс орнын ашып отырған жас кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

Ясипа Рабаева,
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале