20.04.2023, 10:15
Оқылды: 44

БҚО-да 10-нан астам мектептің құрылысы ақсап тұр

Орал қаласында 2018 жылы апатты деп танылған №31 мектептің орнына жаңа нысан салу белгіленген уақыт кестесінен кешігуде. 2021 жылдың 15 қазанында №31 мектепті тарату туралы облыс әкімдігінің №207 қаулысы шығып, оның ғимараты бұзылған. Қазіргі уақытта осы білім ошағында оқыған 288 оқушы А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия мен №23 орта мектепке барып жүр. Мектептің педагогикалық құрамы мен техникалық қызметкерлері жұмысқа орналасқан. Дегенмен жаңа ғимарат құрылысы ұзаққа созылған соң, наразылық білдірген бір топ ата-ананы облыс әкімі Нариман Төреғалиев қабылдады.

Кездесуде облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев, Орал қаласы білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова да болды.

1a1c107c-1a2c-4a0e-9f4d-0570ef24339e

Апатты деп танылған 380 орындық №31 мектеп ғимараты 1961 жылы салынған. Ғимараты әбден ескіргендіктен, білім ошағының жұмысы 2020 жылы тоқтады. Сол жылы оның жері жеке компанияға үш жылға жалға берілген. Осы аралықта компанияға 400 орындық мектеп салу міндеттелді. Алайда белгіленген уақыт өткенімен, іргетасы құйылғанынан басқа ешқандай құрылыс жұмысы жүргізілмеді. Міне, үш жыл да өтті, мердігер мектеп құрылысын мандытпады. Осыған орай «Қаз-Хол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысымен кездесіп, сөйлестік. Нәтижесінде жалға берілген жерді мемлекет меншігіне қайтарып берді. Енді мемлекет қаржысы есебінен жаңа мектеп құрылысын бастаймыз. Мен өзімнің орынбасарыма, облыстық құрылыс басқармасының басшысына құжаттарды реттеуді тапсырдым, – деді облыс әкімі ата-аналармен кездесуде.
Кездесуде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев жоба қайтадан нақтыланғанын хабарлады. Биыл тамыз айында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, құрылыс жұмыстары қыркүйек айында басталмақ. Осылайша 2024 жылы жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Өз кезегінде облыс басшысы құрылысы тұралап қалған өзге де мектептердің мәселесін шешуге күш салынып жатқанын атап өтті.

a3a6fca0-206d-41bf-a7f8-b8f8493e0fa6
– Облыс бойынша 10-нан астам мектептің құрылысы түрлі себептермен аяқталмай жатыр. Бұған мердігерлердің салғырттығы әсер етуде. Әсіресе, Казталов, Ақжайық, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласындағы бірнеше нысан белгіленген мерзімде тапсырылмай, жұмысы созылып кеткен. Әрине, мұндай мәселелерді кейінге қалдыра беруге болмайды. Сондықтан тиісті шаралар қабылдануда. «Сақалды құрылыстардың» бірқатары жыл соңына дейін аяқталады, қалғаны келер жылға ауыспақ, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Жиынға қатысқан ата-аналар өкілдері облыс басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Олар бұрынғы №31 мектептің жанындағы жолдың нашарлығы мұғалімдерге де, оқушыларға да, балаларын мектепке апаратын өздеріне де қиындық тудыратынын айтты. Облыс әкімі бұл жағдайға байланысты жол салу тиісті құрылымдарға тапсырылғанын, мектеп жанындағы Магистральная көшесіне мектеп құрылысы аяқталғанға дейін асфальт жол салынатынын, сонымен қатар қаладағы басқа да мектептер мен балабақшаларға баратын жолдарға асфальт төселетінін баян етті.

– Ата-аналар мен білім алушыларды алаңдатып отырған мәселе оңынан шешілетініне сенемін. Кездесуге қатысып отырған ата-аналарға жаңа мектептің құрылысы аяқталған уақытқа дейін бұл жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз, – деді Нариман Төреғалиұлы. Кездесуге қатысқан қала тұрғыны Анита Мельничукті сөзге тартып, бүгінгі өткен жиында қаралып, талқыланған мәселеге байланысты пікірін сұрағанымызда, ол жаңа мектептің салынатынына өте қуанышты екенін білдірді.

– Облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен кездесуден кейін бұл мәселенің шешілетініне сеніміміз артты. Көкейімізде қордаланып қалған сұрақтарымызға жауап алдық. Көңіліміз тоғайып, бірленіп қалды. Облыс әкімінің мектеп мәселесін шешуге бел шешіп кіріскеніне ата-аналар атынан алғыс айтамын, – деді ол.

Нұрымбек Жапақов,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале