21.04.2023, 14:31
Оқылды: 82

Елдігімізді еселейтін мереке

Күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы саналатын Ораза айт мерекесін бөрлілік ағайын әдеттегідей үлкен қуанышпен тойлады. Таңмен таласа аудандық мешітке келген жамағаттың қарасы көп болды. Ұлы мерекеде алдымен аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Ерлан Айтенов  уағыз айтып, аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаев жұртшылықты аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың атынан құттықтады.

аксай

Айт намазы оқылғаннан кейін мешіттің асханасында 200 адамға айт дастарханы жайылып, көпшілік дәм татты. Үлкендер бата беріп, ел тыныштығын тіледі. Рамазан айында 30 күн бойы жамағатқа ауызашар ұйымдастырған мешіт қызметкерлеріне, демеуші болған жандарға алғыстарын жеткізді.

аксай аа

Сонымен қатар мейрамға жиналғандар ұлттық спорт түрлері арқан тартыс,табан тартыс, ләңгі тебу,  гір тасын көтеру сынды жарыстардан бақтарын сынады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерекеде кішкентай бөрліліктер де сыйлық алды. Қала көшелерінде, спорттық алаңдарда ойын ойнап жүрген балаларға базарлық аясында 100 қоржын таратылды.

Айта кетейік, аудандық мешіт қызметкерлері сауаптар еселеніп жазылатын берекелі Рамазан айында 30 күн бойы 100 адамға ауызашар беріп, мың түннен қадірлі Қадір түнінде 400 адамға арналып ауызашар мен сәресі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, көп балалы, аз қамтылған,  жалғыз ілікті қарияларға, жалпы көңілі жабырқау жандардың жүрегіне қуаныш сыйлау мақсатында 50 отбасыға азық-түлік пен 50 ауызашар қоржыны таратылған болатын.

Жалпы, мешіт қызметкерлері ұйымдастыратын игі іс мұнымен аяқталмақ емес. Себебі, асыл дінімізде қайырымдылық жасау мұсылманның ізгі амалдарының қайырлысы екені белгілі.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале