24.04.2023, 13:00
Оқылды: 18

Шаруа жасағанға береке бітеді

Шыңғырлау ауданында шаруашылық құрылымдары жыл сайын көбейіп, жұмыстары да өрге басып келеді. Нәтижесінде мал өнімдері және  ірі қара, қой етін өндіруде аудандардың арасында шыңғырлаулықтардың алар орны биікте. Әрине, үлкен еңбек пен іскерлікті, төзімділікті қажет ететін, жылдың төрт мезгілінде де жұмысы «оңайламайтын» мал шаруашылық саласына кез келген адам бел сыбанып кірісіп кете алмайды. Дегенмен, тәуекел түбі - нар қайыққа мініп, бағын сынап, қазіргі таңда шаруасын дөңгелетіп отырған жерлестеріміз жетерлік.

фото шаруа

Солардың бірі - ащысайлық Ермұхан Ешмұхамбетов. Ол өз алдына жеке шаруа болып, бағын сынамаққа бел буғанды. Жоспарлаған жұмысын бастап,  «Тана» шаруа қожалығын құрып  осы іске мықтап бет бұрғанына да міне, бес жыл болған. Тынымсыз еңбек етіп, иелігіндегі малдың жайын жайғап, алдағы уақытта, үлкен жетістіктерге жетеріне үміті бар. Бұған дейін Талдысай ауылының тұрғылықты тұрғыны болып, кейіннен Ақсай қаласына көшкен Ермұханбет Ешмұхамбетов көп ұзамай туған ауылына қайта оралғанды. Қаланың аты қала, ал ауылда өсіп-өнген жанды бәрібір ауылы  тартып отыратыны белгілі. Оның үстіне қазіргі заман нағыз ауылда  еңбек етіп, табиғи таза өнім өндіріп, саф ауасын жұтып, шаруаңды да ауылда дөңгелететін заман екені белгілі.

 Ешмұхамбетовтың шаруашылығы Ащысай ауылдық округінде орналасқан. Қазіргі таңда жұмысы қауырт,  қыстақ кезінде Қарасу нүктесіндегі мал қораны жалға алып, 70 - 80 бас малын қыстатып шықты. Жем-шөбі мол,  бабы келіскен малдың  көктем туа жартысынан көбі төлдеп, бұзаулардың саны көбейген шақ.

- Ауылдың бар  жетістіктерімен бірге қиындықтарында бір кісідей көтерсең ғана, ауылдықсың. Бертін келе жұмыс іздеп кеткен жастардың да дені ауылға қарай көш басын бұрар деп ойлаймын. Ауылымыз қайта түлесе, ауданның экономикасы дамыса неге ауылға тұрмасқа, - дейді ауылын қадірлейтін азамат.

                                                                                                                Айсұлу Муса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале