25.04.2023, 13:00
Оқылды: 39

БҚО әкімі: «Жұмысты істемесеңіз, тоқтатыңыз!»

Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданына жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысын аудан әкімі Тілек Габдушев  қарсы алып, жүзеге асып жатқан бірқатар жұмыспен таныстырды.

теректі (2)

Аудандағы құрылыс нысандарын аралаудан бастаған облыс басшысы Нариман Төреғалиұлы ең бірінші Подстепный ауылдық округіне қарасты Барбастау ауылында болды. Бұл ауылға су құбырын жүргізу 2022 жылы басталған болатын, тапсыру уақыты алты ай. Мердігер компания «Ар Ай-НС». Барбастау ауылында 180-ге жуық тұрғын-үй бар. Бүгінде әр отбасы құдық қазып, ауыз суды сол жерден алып отыр.

Су құбырын тарту жөнінде аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев:

— Жалпы жоба құны 336,949 млн теңгені құрайды. Нысан шілде айының ортасында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта ауылішілік құбырларды тарту толығымен  аяқталды, құдықтар қазылды, — деді Амангелді Тоғызбаев.

теректі (3)

— Су құрылысы аяқталғаннан соң мердігер компанияның жауапкершілігін күшейту мақсатында он жылға кепіл келіссөз болуы керек, -  деді облыс басшысы.

Сапар одан әрі Ақжайық ауылына жалғасты. Жыл сайын «биыл бітіреміз» деп келе жатқан көпқабатты тұрғын үй нысанына табан тіреді.

Округ әкімі Болат Қадырғалиев «AMANAT» партиясының «Жол картасы — 2025» сайлауалды бағдарламасы аясында басталған үш қабатты көп пәтерлі үйдің жәй-жапсарымен таныстырды.

«Нұр Құрылыс Болашақ» ЖШС салып жатқан нысан қарқыны баяу. Былтыр желтоқсан айында аяқтаймыз деп уәде еткен мердігерлер, тағы да жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Сәуір айының 27-інен  бастап жұмысты жандандырамыз деген компания қосымша қаржы сұрайды. Тұрғын үй бүгінде 43 пайызға ғана бітіп тұр, әлі 16 мың кірпіш, 68 плита мен цементті қажет етеді, дейді мердігерлер.

теректи

Мердігерді тыңдаған облыс әкімі:

- Жұмысты істемесеңіз, тоқтатыңыз! - деп шегелеп айтты.

Сонымен қатар аудан әкімі Тілек Габдушев:

— Бұл «Нұр Құрылыс Болашақ» мердігер компаниясы ауданнан төрт нысан алып отыр. Бірақ әлі күнге дейін ешқайсысының соңына жетпеді.  Қайтару жөнінде ұсыныс жасалды, - деді аудан басшысы.

теректі (4)

Мұнан кейін Ақжайық ауылында орналасқан №2 ауруханасына барған Нариман Төреғалиұлын аурухана меңгерушісі Бекзат Құбаев емхана тіршілігімен таныстырды.

2010 жылы салынған ғимараттың халық санының күрт төмендеуіне байланысты көп жері босап тұр. Әлемді жаулаған індет кезінде аудан бойынша ауру жұқтырғандарды қабылдап, жұқпалы ауруларды қабылдауға арналған орталыққа айналған мекемеде мамандар вахталық әдіспен жұмыс жасаған. Бұл ауруханаға  10000-ға жуық адам тіркелген. Қазіргі уақытта аурухана ұжымы науқастарды жатқызып емдеу үшін арнайы бөлімді жабдықтауды, соның ішінде жиырма төсек орын сұрап отыр.

Содан соң аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұсынысы бойынша ескі сот ғимаратын жөндеуден өткізіп, ақындар орталығын ашу туралы ойын айтты. Ұсынылған екі  мәселені де өңір басшысы қолдайтынын білдірді.

Нысандарды аралаған облыс әкімі Ақжайық жұртшылығымен жүздесті. Округ әкімі Болат Александрұлы ауылдың дамуы мен экономикасы жөнінде баяндама жасады. Тұрғындар тарапынан сұрақтар жолданды. Мәселен, шағатайлық  Сатқан Мұқашев Барбастау-Индер жол құрылысын назарға алуды сұрады. Жол азабын әбден тартқан Шағатай ауылының тұрғындарының бар тілегі асфальт жолдың аяқталуы болып отыр.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеев жол турасында:

— Қазіргі таңда материалдардың бағасы қымбаттап кетті. Оған қоса тастардың жетіспеушілігінен көп жерде жол құрылысы тоқтап тұр. Біз материалдарды Ақтөбе қаласынан алып келеміз. Бірақ Шағатай ауылының жолы жоспарға сай биыл бітеді деп күтілуде,  — деді.

 

теректі (1)

Аудандық мәслихат депутаты Мирас Әлібекұлы тұрақты такси бағасын ұстап тұру мен медицина саласындағы олқылықтар жайында тілге тиек етті. Ақжайық ауылының тұрғыны, зейнеткер Сенбі Қабиев  Ақжайық

- Шалқар каналын қосу, Қоғалытүбек ауылының тұрғыны Қадыр Жеңісұлы баларға ойын алаңын сұрады. Халықтың қалауын естіген облыс әкімі қолдан келгенше жасайтынын жеткізді.

Теректі ауданы — ауылшаруашылық саласында дамыған аудандардың алдыңғы қатарында. Аудандағы ірі қожалықтардың бірі — Абай ауылында орналасқан «Абай» шаруа қожалығы.

Бұл шаруа қожалығының иесі – Талғат Қайнекешов. Сүтті сиыр өсіруден бөлек жылыжай салып, бүгінде қияр өсіруді де қолға алған. Оған қоса биылдан бастап қызанақ, тәтті бұрыш, картоп та екпекші.

Жылыжайда өскен қиярлардың бір шаршы метрінен 20 келі алуды көздеп отыр. Одан бөлек сүтті сиыр сауып отырған шаруа қожалық тұрақты 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.

 

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале