Орал қаласындағы Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебеп ғылыми кітапханада Дүниежүзілік кітап және ауторлық құқық күніне орай «Кітап шоу — 2023» фестивалі өтті.
Кітапхана ғимараты алдында Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Қайрат Жұмағалиев, Ақұштап Бақтыгеерева сынды ақын-жазушылар шығармашылығынан көрме ұйымдастырылды. Әрі қарай секциялық отырыстар жалғасын тапты. Іс-шараның мақсаты – түбі бір түркі тектес халықтардың тарихын, тілін, дінін, әдебиеті мен мәдениетін насихаттау.
Фестиваль аясында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов және Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын Ғайса-Ғали Сейтақтың өмірі мен шығармашылығына орай «Жайықтың жайсаң ақыны» атты кездесу кеші өтті.
Әдеби кеш ҚР Композиторлар одағының мүшесі, шыңғырлаулық әнші Сансызбай Сұлтанғалиевтің орындауындағы Ғайса-Ғали Сейтақтың сөзіне жазылған Қайрат Темірғалидің «Шағалалар» әнімен басталды.
Бүгінгі Тәуелсіз еліміздің рухани құндылығына қосылған ақынның шығармалар жинағы ел игілігіне айналып отыр. Журналистика мен ақындықтың тізгінін тең ұстап, өлең өлкесінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік мәнері мен өрнектерін қалыптастыра білген, ішкі әлемі таза, өлең мен өмірге адал ақынның өз оқырмандарымен қауышуы көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Кездесу кешіне студенттер мен жас мамандар, поэзияны сүйетін оқырмандармен қатар, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, танымал сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Донеділ Қажымов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ. Құрманғалиев атындағы филармония әншісі Қанатқали Қожақов, ақын, сатирик, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Аманкелді Шахин, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Мира Шүйіншәлиева, ақын Мұнайдар Балмолда, Қазақстан суретшілері және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі, суретші-композитор Қуандық Мәдір және филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев қатысты.
«Мен ұзаққа шабамын Қара да күт!
Жырдан басқа тілемен дара бақыт.
Көгершіндер ұшырам жүрегімнен
Көкжиекке сіңіп бір бара жатып...», – деп жыр өлкесіне шабыттана, шамырқана келген Ғайсағали Сейтақ – бүгіндері бірнеше жыр кітабының ауторы. «Тек пен тамыр», «Жақыным менің – жалпақ ел», «Қасиет қонған қара жер» атты жыр жинақтары – қазақ әдебиетіне қосылған жауһар дүниелер.
Кездесуде сөз алған А. Шахин, М. Шүйіншәлиева, С. Бисенғали сияқты қаламдастары Ғайса-Ғали Сейтақтың адамдық пен ақындықты қатар ұстап жүрген азаматтығын тілге тиек етті. Ақынмен кездесу кешінде оқушы балалар да ақын өлеңін шабыттана оқыды. Оқырманның санасына ой салып, қалғып кеткен жүректі оятар жыр кеші рухани тағылымды шара болды.
Ерасыл Бөкенбай,
zhaikpress.kz