2.05.2023, 11:15
Оқылды: 49

Аламан бәйге өтті

Жанына жылқы жаққан базаршоландықтар мен ауыл қонақтары өткен сенбіде дүбірлі аламанның куәсі болды.  Батыс Қазақстан облысы ат федерациясы, аудан әкімдігі және ұлттық спортқа жанашыр ауыл тұрғындарының  қолдауымен өткен бәйге маусымашарында елімізге танымал атбегілер бабына келтіріп жаратқан тұлпарлар мен тақымы мықты шабандоздар жарысқа түсті.

554

– Ат спорты Ақжайық ауданында қолдаушылардың, осы спорттың қанат жайғанын қалайтын жандардың арқасында қарқынды дамып келеді. Аудан әкімдігі де ауыл балаларын ептілікке, шыдам мен төзімге, бастысы, саламатты өмір салтына тәрбиелейтін спорттың түріне үнемі қолдау көрсетуде. Осы қолдауға спортшыларымыздың да қайтарымы мол – көкпаршыларымыздың атағы облысқа таралса, республикалық деңгейге өтетін жарыстарды шабандоздарымыздың мерейі талай мәрте үстем болды. Бүгін аламанға қосылғалы тұрған шабандоздарға сәттілік тілеймін. Арғымақтарыңыз сүрінбесін, бабыңызға бақтарыңыз сай болсын, жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге тілектеспін. Дала тойы, дархандықтың мерекесі құтты болсын, ағайын, – деді бәйгені көппен бірге тамашалаған аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов.

Дала қызықтарын тамашалауға осы күні Базаршоланның халқы түгел шығыпты, оған қоса жақын ауылдардан, аудан орталығынан, көрші облыстардан арнайы келіп тамашалаушылар да көп.

Сонымен «Құнан бәйгеде» III орынды Орал қаласындағы «Nur-ER» деп аталатын кешеннің атынан қатысқан «Сальварес» атты жүйрік, II орынды Казталов ауданы Ақпәтер ауылынан ат қосқан Хамзин Ернұрдың «Ақбастауы» алса,  I орын алған – Маңғыстау облысынан келген Нұржан Айтұмановтың «Қаршығасы».

Одан соң жұрттың назары топ бәйгеге ауысты. Бірі озып, бірі қалып, қайтадан оза шауып, жұрттың делебесін қоздырған бәйге мәреленгенде, III орын Базартөбенің «Саржайлау» шаруа қожалығынан қатысқан «Толғанайына» бұйырса, II орында – тайпақтық Азамат Жәңгіровтың «Догистаны». Алдына қара салдырмай, бірден-ақ дара кеткен Нұржан Айтұмановтың «Қаршығасы» I орынға ие болды.

Аламан бәйгеде Атырау облысынан келген Марат Өтеповтың  «Шолпан» атты сәйгүлігі мәре сызығын үшінші боп кессе, одан сәл артта қалған маңғыстаулық Асқар Керелбаев баптаған «Ханкүрең» ІІ орын алды. Сырымдық Мұратбек Мұхамедиев қосқан  «Ардакөк» есімді жүйрік аламан басталғаннан алған жылдамдығын түсірмей, бірінші келді.

Сондай-ақ арқан тартыс, қол күресі, қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізіліп, барша жүлдегерлерге ақшалай сый табысталды.

Асыл Қайрат

Ақжайық ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале