Бөрлі өлкесінде ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқан, бүгінде халыққа еңбегі сіңіп, елдің құрметіне бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі - Садық Мырзағалиев десек артық емес.
Айталық, Садық Хабибұлының қатысуынсыз аудандағы қордаланған мәселелер шешіліп, қарымды істер қолға алынбайды.
"Бөрлі ауданының құрметті азаматы" Садық Мырзағалиев - талай асудан мұқалмай өтіп, еңбек майданында қызмет еткен ардақты азамат. Бүгін, 2 мамыр күні 86 жасқа толды. Осыған орай аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов туған күн иесіннің шаңырағына арнайы барып, құттықтады.
Еркебұлан Нұретдинұлы өз құттықтауында «Ел мүддесі жолындағы еселі еңбегіңіздің зейнетін көріп, әрдайым арамызда ақылшы аға, ардақты азамат, абыройлы ақсақал болып аман-есен жүре беріңіз» деген тілегін жолдап, сый құрмет көрсетті. Өз кезегінде Садық Хабибұлы аудан басшысына алғысын айтып, ел тыныштығын тіледі.
Айта кетейік, Садық Мырзағалиев – 1937 жылы 2 мамырда Волгаград облысы, Чернышков ауданы, Верхнее Гнутово ауылында дүниеге келген.
Алғаш еңбек жолын 1960 жылы бұрыңғы Орал облысы, Жымпиты ауданында Бұлдырты орта мектебінде мұғалім болып бастады.
1961–1998 жылдары мектептерде, насихаттау және үгіттеу бөлімдерінде, Ақсай мемлекеттік кеңесінде, аудандық халық депутаттары кеңесінде, аудан әкімі аппаратында, аудандық маслихатта, ішкі саясат бөлімінде, «Оренбург монтаж газ добыча» ЖМК-4 трестінде қызмет атқарды.
1998 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін, Бөрлі аудандық мұражайының директоры қызметін атқарды.
Жиырма жылға жуық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде болды. Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, комсомол ұйымдарында және педагогикалық салада алдыңғы қатарлардан көріне білді.
Қалтқысыз еңбек еткені үшін әр жылдары түрлі дәрежедегі медальдармен марапатталды.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz