Кеше сағат 23:30-да ауданымызда бұрын-соңды болмаған табиғи апат орын алды.
Апат айтып келмейді демекші, жойқын дауыл тұрып, нөсерлеп жауған жауын салдарынан бірнеше әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандармен қатар, тұрғын үйлер зардап шекті. Арнайы комиссия тексеру жұмыстарын жүргізуде. Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Тұрарбек Апахаевтың мәліметіне сүйенсек, қазіргі ресми ақпарат бойынша 7 әлеуметтік нысан мен 40-тан астам тұрғын үйлер зақымданып, 1874 абонент, 12 әлеуметтік нысан жарықсыз қалды.
Еріктілерден құралған 50-ден аса ауыл азаматтары көше бойындағы құлаған теректерді арнайы техникаларға тиеп, көше тазалығын қалпына келтіруде. Қазіргі уақытта 1100 абонент пен 5 әлеуметтік нысанның электр жарықтары қалпына келтірілді. Жойқын дауыл 270 абонентті, яғни бір көшені табиғи газсыз қалдырған. Барлық абоненттің газ құбырлары жөнделіп, қалпына келтірілді. Бұл ресми ақпарат толыққанды емес. Толық ақпарат алдағы уақытта белгілі болады. Осы жағдайларға байланысты Жаңақала ауданы бойынша төтенше жағдай жариялануда.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz