4.05.2023, 15:15
Оқылды: 44

Қаратөбеде балалар ойын-сауық кешені  ашылды

Аудан орталығындағы «Район центр» грандмаркет сауда кешенінің ІІ қабатынан жеке кәсіпкер Тоқтар Мерекеұлы жеке қаражаты есебінен балаларға арналған заманауи «Altyn SAQA» балалар ойын-сауық кешенін ашты.

 ойын алаңы (1)

«Altyn SAQA» ойын-сауық орталығы балалардың уақытын қызықты да көңілді өткізуіне арналған батутты аймақ, лабиринттер, ойын комплекстері мен әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш сынды заманауи үлгідегі ойын құрылғыларымен жабдықталған.  Сондай-ақ келушілерге арналған ыңғайлы дәмхана орналасқан.  Ойын сауық орталығының ашылуына аудан тұрғындарымен бірге аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы қатысып, игі іске мұрындық болған кәсіпкер Тоқтар Омаровқа ризашылығын білдірді.

ойын алаңы (3)

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекетіміздің экономикалық даму тұрақтылығын қалыптастыру, халықтың әл-ауқатын көтеру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуды басты міндет етті. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс. Осыған байланысты ауданымызда жергілікті атқарушы билік пен жеке бизнес өкілдері арасында игі іс атқарылып келеді.

Отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкерлер саны артып отыр. Солардың бірі - жеке кәсіпкер Тоқтар Мерекеұлы.

Бүгінгі игі іс ауыл азаматының туған жеріне деген сүйіспеншілігі деп білеміз, - деді аудан әкімі.

ойын алаңы (2)

Балаларға арналған ойын-сауық  кешенінің лентасын аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев пен бірлігі мен тірлігі жарасқан отбасының отағасы Мереке Шайжанұлы қиды.

Лента қию рәсімінен кейін аудан әкімі ғимараттың ішкі жағдайымен танысып, Тоқтар Мерекеұлының кәсібіне береке тіледі. Жеке кәсіпкер Тоқтар Омаровтың айтуынша:

– Балалар неге өз ауылында ойнамасқа?! Маған сондай ой келді. Ауылдағы ата-аналарда 4-5 баладан бар. Қалаға барады, балаларын ойнатып жатады. Сондықтан осы жерден алаң ашуға кірістім. Жан-жақты зерттеп, мұқият сүзгіден өткізген соң ғана қолға алдым. Себебі мұнда кішкентай балақайлар келеді. Оларға жайлы жағдай мен қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте сақталуы керек.

Ойын-сауық орталығы көлемі жағынан кең. Балаларға емін-еркін ойнауға жағдай жасалған. Бір мезетте 70-80 баланы қабылдауға мүмкіндік қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда орталығымызда төрт адам қызмет жасайды, - дейді.

ойын алаңы

Айта кетейік, Т.Мерекеұлы былтыр аудан орталығынан құрылыс материалдарын және күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, сондай-ақ көлікке арналған керек-жарақтармен қамтылған «Район центр» сауда кешенін ашқан болатын.

 

Райымбек Абай,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале