«Ақжайық» футбол клубы жаңа автобус алды. Команда осы кезге дейін пайдаланған көлік әбден ескіріп, істен де көп шығатын. Команданы үйдегі ойындарға таситын және түздегі сайыстарға кетерде вокзал немесе әуежайға алып барып, күтіп алатын көліктің керек екенін жанкүйерлер де жиі айтып жүрді.
Осы кезге дейін жаңа автобус алу жайы бірнеше мәрте көтерілгенімен, іс соңына дейін жетпей жатты. Биыл клубта орын алған қиындықтарға қарамастан, автобус алудың сәті түсті.
56 орындық «Kinglong» маркалы көлік футболшыларға қажеттінің барлығымен жабдықталған. Ішінде ауа салқындатқыш, теледидар бар. Орындықтары да өте ыңғайлы.
Болашақта оны негізгі команда ғана емес, футбол орталығының тәрбиеленушілері де пайдалана алады.
Жуырда Орал қаласына арнайы келген футбол клубының президенті Гүлдария Қауиева командаға автобусты салтанатты түрде табыстап, барлық қажетті құжаттарын клуб басшылығына берді. Жуық арада автобус толықтай клуб теңгеріміне өтеді.
Бүгінде матчқа қызмет көрсетіп үлгерген көліктің алғашқы рейсі өте сәтті болды. Жаңа автобуспен ойынға келген команда шымкенттік «Қыранды» 10-2 есебімен жеңді.
Ерекше атап өтетін жайт: автобус облыс бюджеттінен бөлінген қаражаттан тыс қаржыға алынды.
Түгелбай Бисен,
Фото: Айбатыр Нұраш
zhaikpress.kz