Бүгін ашық аспан астында, яғни, орталық саябақта 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай "Ер - елдің қорғаны" атауымен мерекелік шара өтті. Күн райы мен жиналған халықтың көңіл-күйі жарасым тапқан әсем кеште аудан әкімі Тимур Шиниязов құттықтау сөз сөйлеп, ел мен жердің тыныштығын жауапкершілікпен арқалаған ерлерге лебізін білдірді.
Сондай-ақ Тимур Серікұлы шекарашыларға ерекше ілтипатын жеткізіп, аудандық төтенше жағдайлар, БҚО ТЖД "Өрт сөндіру және бавариялық құтқару жұмыстарының қызметі" ММ №20 өрт сөндіру, аудандық полиция бөлімдері мен Қазақстан Республикасы БҚО Жәнібек ауданы әкімінің құқығымен көтермеленетін ҚР ҰҚК ШҚ БҚО бойынша шекара басқармасы және аудандық соттың азаматтарына алғыс хат табыстады.
Әрмен қарай, аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары ел назарына өз өнерлерін ортаға салып, әні мен биі келісті концерттік бағдарлама ұсынды. Алғаш болып сахнаға шыққан Райымбек Кәрімов "Алға жігіттер" әнін шырқаса, Айнара Нұртаева "Елім-аймен" көптің көңілінен орын тапты. Көрермендерді бір серпілткен әннен кейін Қажымұқан Хамидолла мен Шынар Каюпова "Қазақстаным" әнін әуелетті.
Райымбек пен Ләйлім болса, бір-біріне үндескен қоңыр дауыстарымен "Туған жер" әнін орындады. Бойды шымырлатар әндер қатарын Аслан Боранбаев толықтырса, толықтырса, Дияс Бейісовтың сүймелдеуімен Гүлім Биғали жанды дауыста "Ауылым" әнін тарту етіп, ыстық ықыласқа ие болды. Қошеметтен толастамаған шара Асылжан Дәулетов пен Қажымұқан Хамидолланың орындауындағы ел арасында танымал "Біртүрлі қыз" әнімен өрнектелді.
Орындалған әндер арасында қазақ биін мың бұрала билеп арнайы көрсетілімдер көрсеткен "Ақмаржан" халықтық би ансамблі кештің шырайын кіргізе түсті. Айтулы мерекеде шекара басқармасының әскери қызметшісі Ержан Ғизатұлы да ән шырқап, жиналған қауымға ерекше жаңалық болды. Өнерлі сарбазға сүйсінгендер қошеметті аямады. Әлбетте, ән мен биден бастау алған айбынды мереке ақ тілекпен мәресіне жетті.
Ақтілек Әлібекұлы
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz